Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмасына сәйкес, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Осы мақсатта Мәдениет және ақпарат министрлігі 16 жасқа толмаған азаматтарға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірледі.
Аталған құжаттар сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылған. Өзгерістерді тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі және Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктері әзірленеді. Қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын енгізу де жоспарланып отыр.
Сонымен қатар министр халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға басымдық берілетінін айтты.
«Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту комиссиясы және өзге де тетіктер арқылы жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама бөлу, кейбір тауарларды жарнамалауға қойылған тыйымды ішінара алып тастау мәселелері де заңнамалық тұрғыда қарастырылады», – деді Аида Балаева.
Тағы оқыңыз: СҚО-да республикалық маңызы бар автожолдардың қысқы жағдайы тексерілді
Сурет ЖИ арқылы жасалды

