Қазақстанда енді SIM-картаны жеке тұлғаларға да, ұйым қызметкерлеріне де биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рәсімдеуге болады. Бұл шара мобильді және интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту мақсатында енгізіліп отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, биометрия нөмірлерді анонимді пайдалануға жол бермейді. Абоненттің байланыс қызметтерін қолдануына жеке жауапкершілігін арттырады. Сондай-ақ жаңа талап SIM-карталардың дилерлер мен делдалдар арқылы заңсыз сатылуының алдын алуға мүмкіндік береді.
«Нөмір қай жерде сатып алынғанына қарамастан, байланыс қызметтері тек абоненттің жеке басы расталғаннан кейін ғана көрсетіледі. Міндетті биометрияны енгізу тіркелмеген SIM-карталарға байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алады», — деп хабарлады министрлік.
Биометрия — адамның бірегей биологиялық немесе мінез-құлықтық белгілері (саусақ ізі, бет пішіні, көздің нұрлы қабығы, алақан геометриясы, тамыр суреті және т.б.) негізінде сәйкестендіру технологиясы. Ол аутентификацияның ең сенімді тәсілдерінің бірі саналады, өйткені мұндай белгілерді қолдан жасау немесе ұрлау қиын.
Министрлік бір адам атына SIM-карталарды рәсімдеу тәртібін де еске салды. Жеке және отбасылық пайдалануға — 10 нөмірге дейін тіркеуге рұқсат етіледі. Одан көп мөлшердегі SIM-карталар тек негізделген қажеттілік болған жағдайда және олар қолданылатын құрылғылар көрсетілген кезде ғана рәсімделеді.
Бұл тәсіл алаяқтық схемаларда жиі кездесетін нөмірлерді жаппай тіркеу тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Тағы оқыңыз: Шал ақын ауданында өрт: жас отбасы баспанасыз қалды

