Қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер орташа есеппен 8,6%-ға қымбаттады. Әсіресе «Корвалол», «Канефрон N» мен «Ацикловир» бағасы көтерілген, деп жазады Qazaqstan Media тілішсі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанда ай сайынғы баға өсімі 1,1%-ға жетіп, жылдық инфляция 8,9%-ға дейін үдей түсті. Азық-түлік, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерден бөлек, кейбір дәрі-дәрмектің де бағасы өсті. EnergyProm порталы атап өткендей, бір жыл ішінде Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер орта есеппен 8,6%-ға қымбаттады. Баға ең көп өскен өңір – Қарағанды облысы (14%-ға). Одан кейін Астана (10,9%-ға) мен Абай облысында (10,4%-ға) ең жоғары өсім байқалып отыр. Бағаның ең аз өсімі Маңғыстау (6,3%-ға) және Ақмола (5%-ға) облыстарында. Сондай-ақ Жетісу облысында (4,9%-ға) тіркеліп отыр. Алматыда баға бір жылда 7,9%-ға, ал Шымкентте 8,2%-ға өсті.
Жекелеген өнімдердің ішінде «Корвалол» (30,7%-ға), «Канефрон N» (27,9%-ға), «Ацикловир» (18%-ға), ацетилсалицил қышқылы (16,8%-ға) қымбаттаған. «Мультитабс Classic» (15%-ға) поливитаминдерінің бағасы да өскен. Сондай-ақ йод, белсендірілген көмір және парацетамол (7,6%-ға) сияқты кеңінен таралған дәрілік заттардың да қымбаттады.
Айта кетерлігі, бұл дәрі-дәрмектің барлығы өткен жылы да айтарлықтай қымбаттаған. Ал «Аквалор Форте» спрейінің бағасы аздап түскен (0,3%-ға). Дәрі-дәрмек бағасының көтерілу себептерінің бірі Қазақстанның осы саладағы импортқа тәуелділігі болуы мүмкін. Мәселен, 2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстанға құны 1,5 миллиард доллар болатын 30 мың тонна дәрі-дәрмек импортталды. Осылайша провитаминдердің, витаминдердің және олардың туындыларының отандық өндірісі ішкі нарықтың 1,7%-ын, ал антибиотиктер өндірісі – 20,3%-ын ғана алады. Қалған дәрілер Қазақстанға сырттан әкелінеді, яғни олардың құнына маркетинг, логистика және басқа да шығындар да әсер етеді.
Тағы оқыңыз: Кәсіпкерлерден ақша бопсалаған петропавлдық блогерлер жеті жылға сотталды