Үкіметте биыл ел шынайы сезінген айшықты 10 көрсеткіш қорытындыланды. Қуанышқа орай, әр салада өсім ауқымды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биылғы 11 айда 16,9 млн м² тұрғын үй пайдалануға берілді. 2025 жылдың соңына қарай жалпы көлемі 19,1 млн м2 тұрғын үй тапсырылады деп күтілуде. Мыңдаған отбасы жаңа баспанасында қоныс тойын тойлады. Еліміздің барлық өңірінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Елімізде бой көтерген денсаулық сақтау нысандарының саны 220-ға жуықтайды. Медицинаға қолжетімділік арта түсті. Еліміздің біршама ауылында жаңа медициналық пункттер пайда болды. Дәрігер тапшылығы 19%-ға қысқарды.
«Биыл 130 жаңа мектеп ашылды. 220 мың жаңа оқушы орны құрылды. 100-ден астам мектепте орын тапшылығы жойылды. Баланың қалада немесе ауылда тұрғанына қарамастан оқуға қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар, 5,9 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге бағытталған. 4,6 млн қазақстандық мемлекеттен көмек алады. Азаматтарды қолдау бюджеттің басым бағыты болып қала береді: 2026 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы тағы 10%-ға өседі», — делінген Үкімет парақшасында.
Биыл 33 жаңа зауыт іске қосылды, 150 зауыт жаңартылды. 27,1 млн тонна астық жиналды Диқандар екінші жыл қатарынан астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Ел азық-түлікпен толық қамтылған, экспорт көлемі артып келеді.
13 мың шақырым жол салынды және жөндеуден өтті. Қалалар арасындағы жол жүру жылдам әрі қауіпсіз бола бастады, жүк тасымалдау көлемі 9,6%-ға өсті.Халықтың 90%-ы интернетпен қамтылды Қазақстан Starlink спутниктік интернетіне қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды.
Бір жылда 335,6 млн ағаш отырғызылды. 2021 жылдан бері – 1 млрд 470 млн көшет. «Таза Қазақстан» Президент бастамасы аясында еліміз жасыл елге айналып келеді. Бұл өзіміз үшін және болашақ ұрпағымыз үшін таза ауаға салынған үлкен инвестиция.
«Ел экономикасы 6,4%-ға өсті. Қуатты экономика – мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін ресурстары бар екенінің кепілі: тіпті жаһандық нарық тұрақсыздығы жағдайында да жалақы, зейнетақы төлеу және жаңа мектептер салу», — делінген парақшада.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда жаңа 500 теңгелік банкнот айналымға енгізілді

