Енді қазақстандықтар ХҚКО-ға бармай-ақ, «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы  баласының туу туралы куәлігін ала алады. Жаңа жобаны әділет министрлігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі  бірлесіп іске асырмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қос министрлік 2025 жылы «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы азаматтарға туу туралы куәлікті жеткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл ХҚКО-ға бармай-ақ туу туралы куәлік алуға мүмкіндік береді.

«АХАТ органдары берген электронды құжаттар бойынша – туу, қайтыс болу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер мен анықтамалар бойынша электрондық апостильді қолдануды дамыту жоспарлануда. Жаңа өзгерістер азаматтарға аталған құжаттарды алуға және оларға бір өтініш шеңберінде апостиль қоюға мүмкіндік береді. Бұл қызметке 2025 жылдың төртінші тоқсанында қол жеткізілетін болады», — делінген жазбада.

Сондай-ақ заң көмегін көрсету саласында әділет министрлігі 2025 жылы атқарушылық жазба жасау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр, ол «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе» ақпараттық жүйесіне талаптардың даусыз екендігі және борышты тану, борышкердің жеке кабинеті арқылы қарсылық беру туралы растайтын құжаттарды салуды, сондай-ақ нотариустың борышкердің  (жеке немесе заңды тұлға) тіркелген жері бойынша ғана атқарушылық жазба жасауын көздейді.   

Бұл бастамалар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттыруға, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға және азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.

Тағы оқыңыз: СҚО-да тұрғын үй қора-қопсысымен бірге жанып кетті

 

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *