Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күшінің жетіспеушілігі сезілуде. Кәсіпорындарға қарапайым мамандар керек. Оның шінде дәнекерлеушілер мен жүргізушілер, қырнаушылар аса қажет. Маман тапшылығы мәселесі облыс әкімдігінің жиналысында талқыланды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тек «Қызылжар су» ЖШС-да 17 бос жұмыс орны бар, бұл – жалпы штаттың 2 пайызы. Онда слесарьлар, электрмонтерлер мен жүргізушілер қажет. «Есіл су» ЖШС-да да жағдай оңып тұрған жоқ. Бұл жерде электргаздәнекерлеуші, қырнаушы және электрик мамандықтары бойынша бос орындар бар.

«Біздің облыста жұмыс орындары көп. Кәсіпорындар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Тек мамандар жетіспейді. Біз жүйелі жұмыс орнатуымыз керек: колледждер, әкімдіктер мен бизнес бірігіп әрекет етуі тиіс», – деді өңір басшысы.
Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, өңірде техникалық колледждер жұмыс істейді. Онда сұранысқа ие мамандықтарды игеруге болады. Қазіргі таңда дуалды оқытуға ерекше назар аударылып отыр, бұл әдіс арқылы студенттер тікелей өндірісте тәжірибеден өтеді. Ол жұмысқа тез бейімделуге және нақты дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

«Қаңтардан наурызға дейін 1800 кәсіпорын арасында сауалнама жүргіздік. Еңбек нарығындағы сұранысты зерттедік. Биыл жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырысты 50 пайызға дейін арттырдық. 1700 маман даярладық, олардың 1637-сі жұмысшы бағыттар бойынша. Қазірдің өзінде олардың 62 пайызы жұмысқа орналасты. Егер әкімдіктер мен кәсіпорындардан жаңа сұраныстар түссе, біз дуалды оқыту арқылы да мамандар даярлауға дайынбыз», – деді ол.
Қазіргі уақытта жұмысшы кадрлардың тапшылығы өзекті мәселе болып қалуда. Өңір басшысы оқу орындары, аудандық әкімдіктер мен кәсіпорындар арасында тығыз байланысты жолға қоюды тапсырды. Оның айтуынша, бұл шаралар мамандарды еңбек нарығының нақты сұранысына сай даярлауға көмектеседі.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданының өнерпаздары облыстық байқаудан 1,5 млн теңге жеңіп алды