Петропавл қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамыту мақсатында ірі жобалар іске асырылуда. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев халықпен кездесу барысында жасаған есептік баяндамасында айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
«Инфрақұрылым – қаланың тірегі. Жылу, электр, су және жол мәселелері шешілмейінше, тұрғындардың жайлы өмірі туралы айту мүмкін емес. Сондықтан біз бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп отырмыз», – деді қала басшысы.
Жылу магистральдары: сенімділік пен қауіпсіздік
Қаладағы стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – Жамбыл – Шәжімбаев – Новая – Алтынсарин көшелері бойындағы ТМ-2 жылу магистралінің құрылысы. Жобаның мердігері – «ТАШ Строй» ЖШС, жалпы құны 5,7 млрд теңге. 2025 жылы бөлінген 1,111 млрд теңгенің 0,952 млрд теңгесі игерілді. Қазіргі таңда 1300 метр құбыр жеткізіліп, 740 метрі төселді.

«Бұл жоба іске қосылғаннан кейін қаланың орталық бөлігіндегі 200-ден астам нысан, оның ішінде мектептер мен ауруханалар тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі. Бұл – қала қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылық үшін аса маңызды», – деді әкім.
Сонымен қатар Промышленная – Жуков көшелері бойындағы ТМ-15 жылу магистралінің құрылысы жалғасуда. Мердігер – «СтройЦентрАрсенал» ЖШС. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңге, ал 2025 жылға 0,4 млрд теңге қарастырылған. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
«Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі үшін қажетті барлық құрылыс жұмыстары орындалды. Ендігі мәселе – жылуды тұтыну мен төлем тетіктерін нақтылау. Бұл бағытта тиісті шешімдер қабылданады», – деп атап өтті қала басшысы.
«Копай» шағын ауданы: жаңа инженерлік мүмкіндіктер
Қаланың дамып келе жатқан «Копай» шағын ауданында магистральдық инженерлік желілердің құрылысы жүріп жатыр. Жобаны «Triumph Electric» ЖШС жүзеге асыруда. Жалпы құны 2,4 млрд теңге. Биыл 1,6 млрд теңге бөлініп, 0,6 млрд теңгесі игерілді. Құрылыс 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен бірге 110/«Копай» қосалқы станциясын қайта жаңғырту жобасы іске асуда. Мердігер – «Тесла» ЖШС, жоба құны 0,7 млрд теңге.
«Бұл жұмыстар Копай шағын ауданын электрмен үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді. Біз жаңа тұрғын аудандар инженерлік тұрғыда толық дайын болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Серік Мұхамедиев.
Жолдар – қала дамуының айнасы
Қала әкімі баяндамасында жол инфрақұрылымына да ерекше тоқталды. Бүгінде Петропавлдағы улично-жол желісінің ұзындығы 366 км, оның 144 км – топырақ жолдар. Алдағы 5 жылда оларды кезең-кезеңімен асфальттау жоспарланған. 2025 жылы үш ірі өтпелі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Малая көшесі, Универсальная көшесіндегі жол өткелі және Қазбек Байбулов көшесі.
Орташа жөндеу және болашақ жоспарлар
Биыл 48 көшеге орташа жөндеу жобалары әзірленді. Қаржыландырудың шектеулі болуына қарамастан, 16 қиыршық тасты көше (11 км) асфальтталды. Сонымен қатар 31 дайын жобалық-сметалық құжаттама бойынша 2026 жылға бюджет өтінімі берілді.
«Біздің басты міндетіміз – қаланы бір күнде емес, бірақ жүйелі түрде жаңарту. Әрбір жоба – тұрғындардың нақты сұранысына жауап болуы тиіс», – деп түйіндеді Серік Мұхамедиев.
Қала әкімінің баяндамасында айтылғандай, атқарылып жатқан барлық инфрақұрылымдық жобалар Петропавлдың ұзақмерзімді дамуына бағытталған. Инженерлік жүйелердің сенімділігіне және тұрғындар үшін қауіпсіз, қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Тағы оқыңыз: Петропавл – даму динамикасы бар қала

