2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару аясында жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге 4 869 адам көшіп келген. Оның ішінде 1 891 қандас және 2 978 қоныс аударушы келді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі «Қазақпарат» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9483 адамды көшіру жоспарлануда.
«Қоныстандыру өңірлері бөлінісінде Павлодар облысына — 2 036 адам, Солтүстік Қазақстан облысына — 1 163 адам, Қостанай облысына — 540 адам, Шығыс Қазақстан облысына — 402 адам, Абай облысына — 362 адам, Ақмола облысына — 285 адам, Қарағанды облысына — 43 адам, Ұлытау облысына — 38 адам қоныс аударды. Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Өзбекстаннан — 631 адам, Моңғолиядан — 616 адам, ҚХР — 472 адам, Ресейден — 110 адам, басқа елдерден — 62 адам келген», — деп айтты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары.
1 491 еңбекке қабілетті қоныс аударушы мен 944 қандастың 1 288-і жұмысқа орналастырылды, 111 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, 1 адам бизнес ашу үшін грант алды.
Қоныс аударушылар мен қандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларына жұмысқа орналасты.
Тағы оқыңыз:Олимпиада: 29 шілдеде қазақстандық спортшылардан кімдер сайысады