СҚО-да «Жұмысшы мамандықтары жылы» ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Зейнуллин айтып берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыста еңбек нарығының сұранысын ескере отырып жаңа сұранысқа ие мамандықтар мен біліктіліктер ашылды. Олар: егінші-тұқымшы, құтқарушы, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу, электрмеханика, өндірістік үдерістерді автоматтандыру және цифрландыру. Жұмыс берушілермен бірлескен нысаналы кадр даярлау 350 адамнан 450 адамға дейін артқан.
Дуалды оқыту бойынша серіктес кәсіпорындар саны 452-ден 620-ға дейін өсті. Сонымен қатар, өндірістен тартылған мамандар саны 27-ден 47 адамға дейін көбейді. «Жұмысшы мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылдау үлесі 39%-дан шамамен 50%-ға дейін өсті (1443 орыннан 1812 орынға дейін). Бір жыл ішінде «Junior Skills» және «Үздік маман» атты 53 конкурс, сондай-ақ жеті мыңнан астам 9 және 11 сынып түлектерін қамтыған 37 кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылды.
«Ашық есік күндері» акциясы барысында 7–11 сыныптардың 29 мың оқушысы колледждер мен облыстың жетекші кәсіпорындарын аралады. 25 құзыреттілік бойынша сегіз алаңда жыл сайынғы «WorldSkills» өңірлік чемпионаты өткізілді. Оған 3 мыңнан астам оқушы қатысты», — деді спикер.
Қазіргі таңда колледждер мен кәсіпорындар арасында 1573 келісімшарт әрекет етуде. Соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша облыс дуалды оқыту бойынша республикадағы көшбасшылар қатарына тұрақты түрде еніп келеді. 2024–2025 оқу жылында 2119-дан астам студент (90%) кәсіпорындар базасында өндірістік практикадан өтті. Олардың 60%-ы — ақылы жұмыс орындарында.
Тағы оқыңыз: СҚО-да құтқарушылар жарылыстың алдын алды

