Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін тексерушілер 140 млрд теңге көлеміндегі бюджеттік қаржының тиімді пайдаланылуына қатысты елеулі заңбұзушылықтарды анықтағаны хабарланған еді, деп жазады Qazaqstan Media.
Жоғары аудиторлық палата биыл қазан айында Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын тексерді. Нәтижесінде заңнама, бюджет нормалары және ішкі регламенттеуші құжаттарды орындауда бұзушылықтар анықталды.
«Осыған байланысты облыс әкіміне, сондай-ақ Петропавл мен Сергеевка қалаларының, Айыртау, Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарының басшылығына анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру тапсырылды», — делінген ЖАП хабарламасында.
Тәртіптік жауапкершілікке Айыртау ауданының әкімі, Петропавл мен Сергеевка қалалары әкімдерінің орынбасарлары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары тартылды.
Сондай-ақ жауапкершілікке СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, Петропавл қаласының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі, Тайынша ауданының ТКШ бөлімінің басшысы тартылды.
Айыртау және Уәлиханов аудандарының сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері сектор меңгерушілері, Ақжар ауданының ТКШ, жолаушылар көлігі, автожолдар және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің уақытша басшысы да жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша СҚО-да мемлекеттік аудит барысында анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарда облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын паспорттау да көзделген.
Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданында биыл 10 медициналық нысан салынған

