«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы 2024 жылды қорытындылады. Мамандар былтыр республикалық, облыстық, аудандық маңыздағы жолдар мен елді мекендер, қала көшелеріне 705 инспекциялық тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 280 олқылық анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, анықталған 280 олқылықтың 191-і жойылды. Ал 89-ы әлі түзетіліп жатыр. Сондай-ақ 2484 жол-құрылыс материалының сынамасы алынған. Олардың 27%-ы нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты.
«Облыстық автожолдар бойынша айтар болсақ, 22 нысанда 72 рет тексеріс жүргізілді. 328 материал сынамасы алынды. Олардың 23% — ы талаптарға сай болмады. Негізгі проблемалар: суға қанығуы, тығыздық коэффициенті, құрамы және беріктігі дұрыс болмай шыққан. Қазіргі уақытта 36 сынама және 68 ақау бойынша бұзушылықтар жойылды, қалған 12 ақау 2025 жылы түзетіледі», — деп хабарлады «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметі.
Былтыр 39 аудандық автожолда тексеріс жүргізілген. 267 сынама алынып, оның 33% — ы талаптарға сай болмаған. Бүгіндері 12 олқылық түзетілді, ал қалған 44-і келесі құрылыс маусымында шешіледі деп жоспарланған.
«Мамандарымыз елді мекен көшелерін де тексеріп, 534 сынама алды. Олардың 46% — ы нормадан алшақтап кеткен. Негізінен асфальт-бетон жабыны мен битумға қатысты проблемалар болған. Бүгінгі күні олқылықтар түзетіліп жатыр», — делінген ақпаратта.
Аудандық, қалалық жолдарды былай қойғанда, республикалық трассалардағы жағдайдың өзі оңып жатқан жоқ. Былтыр мамандар 211 тексеріс жүргізіп, іріктеп алған 739 сынаманың 18% — ы талаптарға сай болмаған. Республикалық автожолдарда анықталған барлық олқылықтар жойылды.
Тағы оқыңыз: Петропавл-Алматы бағытындағы әуе рейсі қашан жанданады?