Петропавлда азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті. СҚО тұрғындары бұл күні өз сауалдарын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен мемлекеттік органдардың басшыларына жолдай алды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күніне келіп, сауал жолдағандардың бірі – Анна Белова. Петропавл қаласының тұрғыны облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке жүгініп, Горький-Исмаилов көшесінің қиылысына бағдаршам орнату қажеттігін айтты. Петропавлдықтың айтуынша, бұрын бұл жерде бағдаршам болған. Алайда жол жөндеу жұмыстарынан кейін қайтып орнатылмапты.
«Қазір көліктер көбейді. Осы жол қиылысында жол апаты жиі болып тұрады. Жақында ғана көзімше бір адамды көлік қағып кетті. Бұрын ол жерде бағдаршам болатын. Жол жөндеу жұмыстары кезінде алып тастады. Бірақ кейін қайтып орнатпады. Қала әкіміне бірнеше рет жүгініп едік, бірақ еш нәтиже жоқ», — деді қала тұрғыны.
Анна Белова кездесуге жалғыз келмеген. Бұл мәселе жақын маңда тұратын петропавлдықтарды да алаңдатады. Сондықтан қала тұрғындары аталған проблеманы жылдам шешу қажет дейді.
Бұл сауалға қала әкімі Серік Мұхамедиев жауап берді. Ол бір ай ішінде мәселе шешілетіндігін айтты.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 300 балаға арналған түзету мектеп-интернаты ашылды