Петропавл қалалық соты жолға өзі барып жатып алған әйелді көлігімен басып өткен петропавлдыққа үкім шығарды. Абайсызда адам өлтірген 35 жастағы жігіт шартты түрде 2,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Аталған оқиға 2024 жылдың 30 наурызында болған. Темір жолда жұмыс істейтін 35 жастағы Руслан Куприенко кешкі сағат 19:30-дар шамасында Lada Granta көлігіне отырып, жұмысына бет алған. Украинский көшесімен кетіп бара жатқан ол жылдамдықты сәл арттырған. Бірақ қарсы бағытта көлік келе жатқан соң ол жылдамдығын сағатына 40-45 км-ға дейін төмендеткен.
«Көше бойындағы шамдар жолдың бір жақ бөлігінде ғана орналасқан. Жол дұрыс көрінбеді. Оның үстіне қарсы бағыттағы көліктің жарығы менің көру мүмкіндігімді нашарлатты. Бір мезетте мен бірдеңені басып өткенімді сездім. Тежегішті басып, айнаға қарап, жолдың үстінде қара бірдеңенің жатқанын көрдім. Мен оны қоқыс деп ойлап, мән бермей, әрі қарай қозғалысты жалғастырдым. Жұмысқа барып, жиналыс өткізіп, кейін үйге қайттым. Келерде басқа жолмен келдім. Сағат 22:45-те телефонымды алсам, белгісіз нөмір қоңырау шалыпты. Ол полиция қызметкері екен», — деп жауап берген сот отырысы барысында Руслан Куприенко.
Содан олар 35 жастағы жігіттің көлігін тексеріп, не болғанын айтқан. Руслан Куприенко өзінің адам басып кеткенін білмеген де. Сондықтан оқиға орнын тастап кеткен. Бірақ қашып кету ойында да болмаған. Тергеу эксперименті кезінде ол жылдамдықты арттырмағанда жолда жатқан адамды көруге болатындығын аңғарған. Және өз кінәсін мойындады.
Ал сотта бой көрсеткен қайтыс болған келіншектің баласы анасының сол күні бірге тұратын ер адаммен ұрсысып қалғандығын айтты. Сүйіктісіне ренжіген Надежда Михайлина үйінен жүгіріп шығып жолға барып жатып алған. Осы сәтте оны көлік басып кеткен.
«Анам ішімдікке әуес болатын. Бұрын да суицид жасауға әрекеттенген. Мен Куприенконы бас бостандығынан айырмауды сұраймын. Өйткені, анам жолға өзі барып жатып алды», — деп көрсеткен сотта қаза болған келіншектің ұлы.
Оның үстіне сараптама қорытындысы келіншектің мас болғандығын көрсеткен. Ал куәгерлер, яғни Руслан Куприенкоға қарсы бағытта келе жатқан көлікте отырған екі азамат жолда адамның жатқандығын көрген. Бірақ сол сәтте оны көлік басып өткен. Кейін олар тоқтап, жедел жәрдем шақырған. Бірақ келіншек алған жарақаттардан оқиға орнында қаза тапты.
Сот Руслан Куприенконы кінәлі деп тауып оны екі жыл алты айға шартты түрде соттады.
Тағы оқыңыз: Ауылды таңдаған: Жамбыл аудандық ауруханасында үш жылдан бері түркістандық жас дәрігер жұмыс істейді