Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Солтүстік Қазақстан облысында тексеріс жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Президент қабылдауына барған Әлихан Смайылов 2024 жылдың қорытындылары жайлы айтып берді. Жоғары аудиторлық палата былтыр 214 нысанда құны шамамен 11 триллион теңгені құрайтын 27 аудиторлық іс-шара өткізген. Нәтижесінде жалпы сомасы 862 миллиард теңге болатын түрлі нормалардың бұзылғаны анықталды.

«Тексерістердің қорытындысы бойынша бюджетке 135 миллиард теңге қайтарылған. Бұл 2023 жылы өтелген қаржыдан бес есе артық. Құрылыс нысандарындағы баға қалыптастыру, өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығын субсидиялау ісінде олқылықтар байқалған. Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған заң бұзушылықты жою үшін Үкіметке ұсыным беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нұсқама жолдады», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ жоспарларымен бөліскен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы биыл 40-тан астам аудиторлық тексеріс жүргізілетіндігін жеткізді. Осы орайда мемлекет басшысы Астана, Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігінде бюджеттің орындалуын тексеруді тапсырды.

Бұдан өзге, ғылым, қорғаныс, құқықтық тәртіпті сақтау, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету, орман шаруашылығы салаларында аудиторлық тексерістер жүргізіледі.

Кездесу соңында президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар бюджет қаржысының игерілуін тиімді бақылау үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызына назар аударды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ауыл әкімдері теннис ойнап жарысты

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *