Жеті адамды алдап, несие рәсімдеген: Петропавлда алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азаматқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр

Петропавл қалалық сотында «Коммунхоз Петропавл» ЖШС-ның қызметкерлерін алдап, олардың атына несие рәсімдеген азаматқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 28 жастағы ер адам 16 эпизод бойынша айыпталып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Оқиға осыдан бір жыл бұрын басталған. Оразалы Бохоон ең алдымен Виктор Капицевтің сеніміне кіріп, оның атына бір млн теңге несие рәсімдеген. Бұл туралы жәбірленушінің өзі білмеген. Кейін айыпталушы Аслан Қасеновті де сан соқтырып кеткен.

Жеті адамды алдап, несие рәсімдеген: Петропавлда алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азаматқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр

«Бірде жұмыстан кейін Оразалы Бохоон қасымызға келіп, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, бізді әңгімеге тартты. Кейін оны тағы бір рет көрдім. Сол кезде ол мені телефонға суретке түсіріп алмақшы болды. Бірақ мен оған аса мән берген жоқпын. Ал менің атыма кредит рәсімделгендігін тек мамыр айында ғана білдім», — дейді жәбірленуші Аслан Қасенов.

Дәл осындай жолмен Оразалы Бохоон жалпы, жеті адамды алдап соққан. Кейбірінің атына тіпті 3-4 кредиттен рәсімдеген.

«Мұндай әрекетке ақшаға қысылғандықтан бардым. Бір адаммен қосылып жиһаз шығаратын цех ашпақшы болғанбыз. Ол менің 6 млн теңгемді алып, құрал-жабдықтар сатып аламын деп кеткен. Содан ақша да, өзі де жоқ. Ал мен қарызға белшеден батып, қатты қиналдым. Басқа амал болмады. Жақындарыма жағдайымды айтпадым. Содан ең алдымен Капицевке кредит рәсімдеп көрдім. Өзімнің телефоныма Kaspi Bank-тың қосымшасын жүктеп алып, Виктор Капицевтің жеке деректерін енгізіп, оның атына онлайын кредит рәсімдедім. Сосын онымен бірге жақын маңдағы терминалға барып, ақшаны шешіп алдым. Сөйтіп, қарыздарымнан құтыла бастадым», — дейді айыпталушы Оразалы Бохоон.

Жәбірленушілердің барлығы «Коммунхоз Петропавл» ЖШС-ның қызметкерлері болып шықты. Айыпталушының айтуынша, олардың сеніміне кіру еш қиындық тудырмаған.

Жеті адамды алдап, несие рәсімдеген: Петропавлда алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азаматқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр

Оразалы Бохоон өз кінәсін толық мойындап отыр. Тіпті, полиция қызметкерлері ұстағанша, кредиттерді өзі төлеп келген.

«Кейбірінің атына бірнеше кредит рәсімдедім. Kaspi Bank несие бермегенде, Halyk Bank-тің мобильді қосымшасы арқылы қарыз алдым. Ал ақшалай кредит бермегенде тауарлық несие рәсімдедім. Кейін оны сатып, ақшасын қарыздарымды жабуға және олардың атына алған несиенің ай сайынғы төлемін төлеуге жұмсадым. Әрине өзімді ақтамаймын. Бірақ басқа амалым болған жоқ», — деді сот отырысы барысында Оразалы Бохоон.

Айта кетейік, 28 жастағы Оразалы Бохоонның жақында ғана екінші баласы дүниеге келген.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 25 ауылдық округ және екі қаланың әкімі сайланды

Поделиться:

Shares
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x