Солтүстікте «сақалды құрылыстардың» қатарына Ғабит Мүсірепов ауданындағы кәріздік тазарту ғимаратын жатқызуға болады. 2018 жылы іргетасы қаланған нысанға 3,3 млрд теңге жұмсалған. Бірақ, дүйім елге жар салып, ерекше жоба деп дайындалған нысанның құрылысы әлі де аяқталған жоқ, деп жазады Qazaqstan Media.

Басты артықшылығы — экологиялық тиімділік

Бұл жоба кезінде бүкіл елге жария етілген. Елімізде алғаш болып жабық типтегі кәріздік тазарту ғимаратын саламыз деген бастама СҚО-ны өзге аймақтардан бір қадам алға шығарғандай еді. Мұндай нысанның басты артықшылығы – шағын аумақта орналасуы, шу мен иістің болмауы. Ең бастысы – төрт сатылы су тазарту жүйесі арқылы Есіл өзеніне таза су жіберіліп, экологиялық мәселе шешілер еді.

Пилоттық жоба ретінде аймақтың ең ауқатты ауылдарының бірі — Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Новоишимское елді мекені таңдалды. Құрылыс 2018 жылы басталды. Бұл экологиялық проблемаларды кешенді шешуге арналған Жол картасының бір бөлігі болды.

Жобаның жалпы құны — 3,3 млрд теңге. Ол кезде доллар бағамы шамамен 325 теңге еді, яғни шамамен 1 млрд доллар көлемінде қаржы бөлінген.
Жұмыс бастапқыда қарқынды жүріп, құрылыс 95%-ға дейін орындалған. Алайда неге жоба жеті жылдан бері аяқталмай келеді – бұл сұраққа өңірлік ревизиялық комиссияның тексерісі жауап берді.

Аудиторлар не анықтады

2018 жылдың мамырында ауданның құрылыс және ТКШ бөлімі «Caspian Contractors Trust» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Республикалық және облыстық бюджеттен жалпы 3,34 млрд теңге бөлінген.
Жобаны іске асыру барысында 18 қосымша келісім жасалып, құрылыс мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Соңғы мерзім — 2024 жылдың 30 қыркүйегі. Бірақ бұл да жеткіліксіз болды.

«Құрылыс норматив бойынша 21 айда аяқталуы керек еді. Алайда 74 ай өтті – алты жылдан аса уақыт, нәтиже жоқ. 2021 жылдан бері бір де бір орындалған жұмыс актісі қабылданбаған», – делінген комиссия қорытындысында.

Аудиторлар мемлекеттік сатып алу, сәулет-құрылыс және бюджет заңнамасы талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады. 2016 жылы жасалған жобалық-сметалық құжаттама техникалық-экономикалық негіздемесіз бекітілген. Бұл өз кезегінде шығынды және тиімсіз шешім қабылдауға әкелген.

Мұндай кешендер әдетте ірі қалаларға, халқы 1,2–8 млн адам болатын жерлерге арналады. Ал 12 мың тұрғыны бар ауылға бұл жүйе мүлде сәйкес келмейтін еді. Оның үстіне, тұрғындардың жартысы автономды кәріз жүйесін қолданады.

«Нәтижесінде негізсіз шешім қабылданып, бақылау болмағандықтан, бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалды. Шығын – 3 млрд 319 млн теңге», – дейді ревизиялық комиссия.

2020 жылы жобаны қайта қарап, қуаттылығы 6 мың текше метрден 3 мыңға дейін азайтылған. Бірақ құны өзгермеген.

Қателіктер мен салдар

Мердігердің банк кепілдіктері уақтылы жаңартылмағандықтан, аудан әкімдігі 164 млн теңгені қайтара алмаған. Ал компанияны «адал емес қатысушы» деп тану туралы талап сотта қанағаттандырылмаған, соның салдарынан мердігер жауапқа тартылмады.

Сараптамалар мен соттар кейбір жұмыстардың актілерде көрсетілген көлеміне сәйкес келмейтінін анықтады.
Тексеру қорытындысында құрылыс және ТКШ бөлімінің, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасарларының лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны көрсетілген.

Барлығы 11 рәсімдік және бір ірі қаржылық бұзушылық тіркелген. Ревком тиісті басшыларды жауапкершілікке тартуды және материалдарды Құрылыс бақылау комитеті мен прокуратураға жолдауды ұсынды.

Шенеуніктердің уәжі мен жаңа уәделер

Аудан әкімдігі өкілдері жобаның тоқтап қалуына түрлі себептер келтіріп отыр.

«Пандемия кезінде чехиялық жабдықты жеткізе алмадық. Кейін отандық баламамен алмастыру туралы шешім қабылданды. Қазір нысан 95,5% дайын. Сот процестері жүріп жатыр. Қалған 5% үшін мердігерге қарсы талап қойдық», – дейді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Аманжолов.

Аманжоловтың айтуынша, жобада зертхана мүлде қарастырылмаған. Сондықтан оны қайта түзету және қажетті жабдық енгізу жоспарланып отыр.
Қазір 153 млн теңгенің жұмысы орындалмаған. Аудан әкімдігі 2027 жылға дейін жобаны толық аяқтап, нысанды мемлекет меншігіне өткізуді көздеп отыр.

Қымбат күтіп-ұстау және күмәнді болашақ

Бірақ тіпті нысан аяқталған күннің өзінде оны күтіп ұстау тым қымбатқа түседі.
Тек электр энергиясына жылына 300 млн теңге жұмсалады. Бұған еңбекақы, реагенттер мен қосалқы бөлшектердің шығынын қосқанда, жергілікті бюджет үшін бұл тым ауыр салмақ болмақ.

«Ондай тарифті халық та, аудандық бюджет те көтере алмайды. Сондықтан жобаны тек субсидия мен мемлекеттік қолдау арқылы ғана ұстауға болады», – дейді шенеуніктер.

Қазір КОС нысанын 2027 жылдың 10 шілдесіне дейін мемлекет меншігіне тапсыру жоспарланып отыр.

Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданына 2026 жылы 25 млрд теңге инвестиция құйылады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *