8-ші наурыз тек көктемнің, сұлулық пен нәзіктіктің мерекесі ғана емес, сонымен бірге әйелдердің еңбегі мен жетістіктерін дәріптейтін ерекше күн. Қоғамның әр саласында аянбай еңбек етіп жүрген әйелдер бүгінгі таңда ғылымда, бизнесте, өнерде және медицинада маңызды рөл атқарады. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында әйелдердің еңбегі орасан зор. Осы орайда QM тілшісі медицинадағы әйелдердің рөлі, УДЗ дәрігерінің жұмысы және кәсіби жолындағы қиындықтары мен жетістіктері жайлы әңгімелесу үшін УДЗ дәрігері Камила Қожантаевамен  сұхбаттасты.

Медицина – ерекше жауапкершілікті, үлкен білімді талап ететін сала. Әсіресе, диагностиканың дәлдігі мен жылдамдығы шешуші рөл атқаратын ультрадыбыстық зерттеуде жұмыс істеу үлкен кәсіби дағдыны қажет етеді.

Камила Ермекқызы  дәрігерлік жолды таңдауыңызға не себеп болды? Ультрадыбыстық диагностикаға қалай келдіңіз?

— Дәрігер болу  менің бала кезгі арманым еді. Ал мамандықты таңдауға саналы түрде келдім. Өмірлік жолымды айқындау үшін өзімді қызықтырған мамандықтардың тізімін жасап, олардың оң және теріс жақтарын таразыладым. Нәтижесінде, жүрек қалауым – медицина болды. Бірақ, шын айтсам, ультрадыбыстық диагностика саласында жұмыс істеуді бастапқыда жоспарлаған жоқпын. Маған резидентурада осы бағытта білім алуды ұсынды, мен келістім. Қазір бұл шешімім үшін еш өкінбеймін.

Жұмысыңыздың ең қызықты әрі пациент үшін ең маңызды сәттері қандай?

— Мен үшін ең қызығы – клиникалық ойлау процесі.  Пациенттің клиникалық көрінісін ультрадыбыстық зерттеу деректерімен байланыстыру, талдау жасау және қорытынды қалыптастыру маған ерекше ұнайды. Ал пациент үшін ең маңыздысы – дұрыс диагноз қою. Себебі дәл қойылған диагноз – тиімді емдеудің кепілі.

Практикаңызда ерекше әсер қалдырған жағдай болды ма?

— Мұндай сәттер күн сайын болып тұрады. Себебі, ультрадыбыстық диагностика ауыр патологияларды анықтауға көмектеседі. Бұл науқас үшін де, дәрігер үшін де өте маңызды. Бірақ ең жылы әсер қалдыратын жағдай – пациенттің шынайы алғысы. Осындай сәттерде өз жұмысыңның маңыздылығын терең түсінесің.

Жауапкершілік, жанашырлық, кәсібилік: УЗД дәрігерімен сұхбат
Жауапкершілік, жанашырлық, кәсібилік: УЗД дәрігерімен сұхбат

УДЗ дәрігері мамандығында табысты болу үшін қандай қасиеттер қажет?

— Назар аудару қабілеті, жауапкершілік, қысқа уақыт ішінде шешім қабылдай білу. Бастысы  пациенттерге жанашырлық таныту және олармен дұрыс қарым-қатынас орната білу.

Жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?

— Маған бұл тепе-теңдікті сақтауға нақты жұмыс кестесі көмектеседі. Бос уақытымды демалуға арнаймын. Бірақ біздің жұмысымызда күтпеген жағдайлар жиі кездеседі. Тәуліктің кез келген уақытында шұғыл ультрадыбыстық зерттеу жасау қажет болғанда, кезекші дәрігер ретінде дереу көмек көрсетуге барамыз.

Медицинада әйелдердің рөлі қандай? Өзіңіз үшін кәсіби өсуде не маңызды?

— Дәрігер әйелдердің ерекшелігі  – ең алдымен, пациентке деген жанашырлықта деп ойлаймын. Кәсіби дамуым үшін маңызды нәрсе – біліктілікті арттыру курстарына қатысу, өз салам бойынша жаңа кітаптарды оқу және жаңа технологияларды меңгеру. Ең алдымен, жақындарымның қолдауы үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, уақытылы демалу, спортпен айналысу да маңызды. Ал науқастардың алғысы – ерекше мотивация.

Медицина жолын жаңа бастаған қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Ең алдымен, бұл салада жұмыс істеуге деген шынайы ниет болу керек . Себебі, медициналық оқу тоғыз жылға созылады және ол төзімділікті, еңбекқорлықты және үлкен күш-жігерді талап етеді. Медицина өте маңызды әрі игілікті сала.

Жауапкершілік, жанашырлық, кәсібилік: УЗД дәрігерімен сұхбат

8 наурыз мерекесі сіз үшін нені білдіреді? Қалай атап өтесіз?

— Бұл – менің сүйікті мерекелерімнің бірі. Әдетте оны жақындарыммен бірге атап өтемін. Бұл күні ең бастысы – ата-анама, достарыма, туыстарыма сыйлық жасап, қуаныш сыйлау. Әрине, өзім де сыйлық алғанды ұнатамын!

Камила Ермекқызы, сұхбатыңызға рахмет. Сізді Халықаралық әйелдер күнімен редакция атынан құттықтаймыз. Халық денсаулығы үшін адал еңбек ете беріңіз.

Тағы оқыңыз: Жамбыл ауданында 15 жыл трактор тізгіндеген әже тұрады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *