Петропавлда пәтерде жарылғыш зат бар деп жалған хабар таратқан азамат ұсталды. 35 жастағы ер адам мас болып шықты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
23-ші қаңтарға қараған түні “102” арнасына Петропавл қаласындағы Қазақстан Конституциясы көшесіндегі үйлердің бірінің пәтерінде жарылғыш зат қойылғаны туралы қоңырау түседі. Оқиға орнына бірден мамандар жіберіледі. Тексере келе, жарылғыш зат табылмады. Жалған хабарлама жасады деген күдікпен 35 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Ер адам мас болған. Ол осыған дейін де 1 жыл ішінде қоғамдық жерде мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл жолы да құқық бұзушылығын қайталағаны үшін әкімшілік қамаққа алынды.
«Әкімшілік жазасын өтеп шыққан соң ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Баптың санкциясына сәйкес, ірі көлемдегі айыппұл (5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін) немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», — дейді СҚО ПД экстремизмаге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері.
Өткен жылы полицияға қоңырау шалып, жалған хабарлама жасағаны үшін 2 солтүстікқазақстандық қылмыстық жауапкершілік арқалаған болатын.
Тағы оқыңыз: Әке жолын қуған: Александр Винокуровтың ұлдары веложарыстарда СҚО-ның намысын қорғап жүр