Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында жас қазақстандықтарға арнайы үндеу жасады, деп хабарлайды Qazaqstan Media, Ақорда сілтеме жасап.
«Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді. Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған.
Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар»,- деді Президент.
Оның айтуынша, референдумда дауыс беру – жай ғана саяси науқанға қатысу емес, Отан тағдырына тікелей араласудың нақты көрінісі. Мемлекет басшысы жастардың осы тарихи кезеңде өз таңдауын жасап, ел тарихында Ата заңды қабылдауға үлес қосқан азаматтар ретінде із қалдыра алатынын айтты.
Президент азаматтардың таңдауы бюллетеньдегі жай белгі емес екенін ерекше атап өтті. Бұл – жаңа Халық Конституциясы жобасына берілген нақты қолдау. Оның сөзінше, Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуда жастардың орны айрықша.
«Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі.
Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді»,-деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, әрбір дауыс – жасампаз отаншылдықтың және ел келешегі үшін азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген.
Тағы оқыңыз: Петропавлда түнгі өрттен әйел қаза тапты


