СҚО Жамбыл ауданындағы Баян ауылында ісі өрге домалаған «Ақ жер» ЖШС бар. Ол облыстағы бидай мен майлы дақылдарды қатар егіп, мол өнім алған шаруашылықтардың бірі. Qazaqstan Media тілшісі, серіктестіктегі үздік мамандардың бірі, механизтор — Дәурен Маратбековпен тілдесті.
Дәурен Маратбеков Жамбыл ауданы, Баян ауылының тумасы. 32 жастағы жігіт арман қуып қалаға кетпей, туып-өскен жерінде қалып, ауылын дамытуға үлес қосып жүр. Бүгіндері ол өзіне ұнайтын іспен айналысуда. «Ақ жер» ЖШС механизатор болып еңбек етіп жүрген азамат ауыр жұмыстан қашпайды. Өзіне жүктелген міндетті жауапты орындауға тырысады.
«Біз майлы дақылдарды да, дәнді дақылдарды да егеміз. Комбайн, түрлі кешендерде жұмыс істеген ұнайды. Биыл 14 мың га жерге егін ектік. Шығым жаман емес. Мен өзім 4441 тонна бидай жинадым. Бұл ең жоғары көрсеткіштердің бірі», — дейді Дәурен Маратбеков.
Ол мектепті аяқтағасын-ақ серіктестікке жұмысқа кірген. Содан бері жұмыс орнын өзгертпеген. Адал еңбек етіп, үздік жұмысшылардың қатарына енген.
«Отбасымда ата-анаммен тұрамын. Әпкелерім, інім бар. Туған ауылымда қалып, қарапайым еңбек адамы болсам да, адал ақымды тауып жүрмін. Жалақымыз орақ науқаны кезінде көп болады. Мысалы, егін жинау науқанында комбайыншылар 700-800 мың теңге алуы мүмкін. Ал элеваторда жұмыс істейтіндер бұдан аз алады. Бірақ, ақымызды жемейді», — дейді механизатор.
Солтүстік аграрлы өңір болғандықтан әр аудан, әр шаруашылық жақсы механизаторларын бағалайды. Олардың еңбектері алтынмен тең.
Тағы оқыңыз: 2025 жылы ең төменгі зейнетақы 95 131 теңге болады