Жамбыл ауданынан келген мехбригадалар Былғары зауыты ауданындағы судан зардап шеккен үйлер мен көшелерді қоқыстан тазартып жатыр. Олар бүгінгі күнге дейін 600 тонна қоқыс шығарған. Сонымен қатар, құрылысшылар баспаналарды жөндеуді бастады, деп жазады Qazaqstan Media.
Былғары зауыты ауданындағы Рыжов көшесіндегі 58-ші үй техникалық бақылаудан өтіп, оны мамандар тұруға жарамды деп тапқан. Қазір мұнда Жамбыл ауданынан келген жұмысшылар қалыпқа келтіруді бастап кетті. Баспананы қалыпқа келтіру жұмыстары 5,5 млн теңгеге бағаланып отыр.
«Біз қазір достарымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Демалыс күндері үйімізге келіп, маңайын бәрін жинастырып жүрміз. Жұмыс жетерлік. Сарай, монша бәрін жөндеу керек. Тасқынның екінші толқыны қатты болды. Бәрін қиратып өтті ғой. Жиһаздарымыз жарамсыз болып қалды. Судың беті қайтақасын, бізге бірінші әскерилер келіп, қоқысты тазалауға көмектесті. Енді міне ауданнан келген жігіттер көмектесіп жатыр. Олар өз жұмыстарын сапалы істеуде. Қалдық, қоқысты шығарып берді. Үйді жөндемекші»,- дейді үй иесі Ирина Юркова.
Қазіргі кезде Жамбыл ауданынан келген мехбригада жұмысшылары көшелер мен аула, үйлердегі қоқысты шығарып жатыр. Бүгінге дейін 600 тонна қоқыс жинаған.
Жалпы аталмыш ауданға 118 нысан бекітіліпті. Оның екеуі заңды тұлғаға тиесілі. Қалғаны қарапайым халықтың баспанасы.
«Біздің ауданнан 5 мехбригада және 3 құрылыс бригадасы келді. Қазір бізге бекітілген үйлердің 71-і тұруға жарамсыз деп танылды. 32 үйге жөндеу жұмыстарына рұқсат бар. Біздің мамандар бір баспананы жөндеп жатыр. Алты үйді ылғалдан кептіріп, еден, терезелерін бұзып жатырмыз. Сосын жөндеуге кірісеміз. Алдағы бір-екі күнде қосымша құрылысшылар келеді»,- деп отыр Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрбек Сапаров.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша жұмыс күші де, техника да жеткілікті. Алайда қажет болып жатса, қосымша мамандар шақырылатын болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қызметтік көлігін мас досына басқаруға берген шенеунік жұмыстан қуылды