Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында өлкетану музейі салынады. Биыл нысанның жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлінген. Мұны 2024 жылды қорытындылаған сала қызметкерлері айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
28 қаңтарда Жамбыл ауданының мәдениет және спорт қызметкерлері аудандық мәдениет үйінде бас қосып, 2024 жылды қорытындылады. Жиынға аудан әкімі Азамат Бектасов та қатысты. Былтыр Пресновка ауылындағы аудандық мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған 182,6 млн теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ Баян ауылындағы мәдени-демалыс орталығы да жөндеу көрді.
«Буденный ауылында мәдени-демалыс орталығы ашылды. Оған 13,4 млн теңге бөлінді. Жаңа жиһаз және спорттық жабдықтар сатып алынды. Алдағы уақытта Пресноредуть ауылында да осындай нысан пайда болады. Ол үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, бұрынғы сауда орталығының ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жоба екі жылға шақталған. Мұндағы жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарланып отыр», — деп баяндады Жамбыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Құралай Бекпаева.
2024 жылы ауданның мәдениет мекемелері бір жарым мыңнан астам іс-шара өткізіп, түрлі байқауларға да қатысқан. Жамбылдық талантты жастар тіпті халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындар алған.
«Былтыр Ташкент қаласында өткен Zhuldyz art халықаралық байқауында Dance Mix би тобы Гран-при иеленіп қайтты. Құдайберген Қарақат және Айғаным би дуэті Шымкент қаласындағы «Жауқазын» республикалық байқауына қатысып, Түркияда өткен конкурсқа тегін жолдама алды», — деді Құралай Бекпаева.
Жыл сайын аудандық кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. 2024 жылы 994 мың теңгеге жаңа кітаптар сатып алынған.
Биыл жамбылдықтар жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдығын атап өтеді. Мерейтойға орай әдеби кештер, түрлі конкурстар өткізу жоспарлануда. Ал жаз айында облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылмақ.
Алдағы уақытта аудан орталығы Пресновка ауылында өлкетану музейі тұрғызылмақ. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ Баян, Жаңажол елді мекендеріндегі клубтар күрделі жөндеуден өткізіледі.
Бұдан соң жиынға қатысқандарға спорт саласында қол жеткізген жетістіктер жайлы айтылды. жамбылдықтардың 41,2% спортпен шұғылданады екен. Ауданда 118 спорт нысаны бар, және жыл сайын олардың материалдық-техникалықбазасы жаңартылып отырады. Былтыр 14 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған.
«2024 жылы аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жабық хоккей корты пайдалануға берілді. 2025 жылы Жамбыл ауданында шағын футбол алаңын салу жоспарланған. Оған 13 млн теңге қаржы қажет. Былтыр аудан спортшылары бірқатар аудандық, облыстық жарыстарға қатысты. Алайда кей ауылдық округтер спорттық шараларға қатысуға құлықсыз. Осы мәселені шешу үшін сізден көмек сұраймыз», — деді Жамбыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақыт Ыбырай.
Жиын соңында аудан әкімі Азамат Бектасов мәдениет және өнер мекемелерінің үздік қызметкерлерін марапаттады.
Тағы оқыңыз: Елімізде «Әкімдер мектебі» ашылады