Жамбыл ауданы Мирное ауылында жастар арасында спартакиада өтті. Оған аталған аймақтың барлық ауылдық округінен спортшылар қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Спартакиада спорттың үш түрі бойынша өтті. Олар: футбол, волейбол және жеңіл атлетика. Жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар бағалы сыйлықтарға ие болды. Шара нағыз мереке алаңына айналды. Ауданда спорттың қарқынды дамып жатқанын көрсетті.
«Бүгінгі жарыс – тек қана спорттық бәсеке емес, достық мерекесі. Жастар шараның арқасында жаңа таныстар мен достар табады. Тәртіп пен партиотизмге үйренеді. Аудан әкімдігі жастарға үнемі қолдау көрсетуге дайын. Сіздер біздің болашағымыздар. Мемлекет басшысы да өскелең ұрпақтың спортқа құштар болғанын қалайды»,- деді Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов.
Жамбыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақыт Ыбырайдың сөзінше, мұндай спартакиадалар жаңа талантарды анықтауға мүмкіндік береді. Сол үшін аталған ауданда спорттық шаралар көптеп өткізіледі екен.
«Ауданда тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін бар жағдай жасалған. Оның ішінде жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Спартакиада жай ғана жарыс ретінде емес, командалық рухты көтеруге бағытталған шара», -деді Бақыт Ыбырай
Шағын футбол алаңында әйелдер арасында тартысты ойындар өтті. Бұрымдылардың жарысқа тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Жанкүйерлер де сүйікті құрамаларын белсенді қолдап отырды.
Жағажай волейболы алаңында ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылды. Әр ойын жанкүйерлердің көңілінен шықты.
«Ауданда мұндай шаралар жиі өткізіледі. Әр жыл сайын қатысушылардың саны артуда. Спортқа жаны құштар ұл-қыздардың көптігі көңіл қуантады»,- деді Бақыт Ыбырай.
Спартакиаданың қорытындысы бойынша үшінді орынды Мирное ауылдық округі иеленді. Екінші орынға Преснов ауылдық округі жайғасты. Жарыста Благовещенка ауылдық округінен келген спортшылар топ жарды. Барлығына диплом, кубок және бағалы сыйлықтар табысталды.
«Жылына төрт спартакиада өткіземіз. Ұлттық спорттарды да ұмыт қалдырған емеспіз. Келесі жылы дәл осындай шара Благовещенка ауылдық округінде өтеді»,- деді Жамбыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.
Жарысқа барлығы 13 команда қатысты. Жамбыл — әрқашан таланттарымен және танымал спортшыларымен танымал аудан. Жастары өте белсенді. Спортқа жандары құштар. Республикалық және облыстық додаларда жүлдесіз қайтпайды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда бірінші сыныпқа баратын балалар үшін даярлық топтар өз жұмысын бастады