Жамбыл ауданында арақ-шараптан бас тартқан алғашқы ауыл тіркелді. Ол — Архангелка селолық округіне қарасты Айтуар ауылы. Ауылдың қоғамдық тыныштығы мен тәртібіне жауап беретін учаскелік полицейдің айтуынша, ауылда соңғы жылдары қылмыс тіркелмеген, деп жазады Qazaqstan Media.
Айтуар ауылы аудан орталығынан шамамен 50 шақырым жерде орналасқан. 25 отбасы түтін түтетіп отырған елді мекен — таза қазақ ауылы. Тоғыз жылдық мектеп бар. Екі қолға бір күрек табылады. Мал бағып, жергілікті шаруа қожалықтарында жұмыс істеуге болады. Сондықтан болар, ауылдан көшемін дейтін отбасылар аз. Керісінше, бос тұрған баспаналар Айтуарға келетін көпбалалы отбасыларға беріліп жатыр.

«Архангелка селолық округіне бес ауыл кіреді. Оның ішінде Айтуар ауылы да бар. Қазір елді мекенге сырттан екі отбасы көшіп келді. Алдағы уақытта тағы бір отбасы көшіп келеді деп жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындары – ұйымшыл. Ауданда арақ-шарапсыз тіршілік ететін алғашқы ауыл болып отыр», — дейді селолық округ әкімі Алтын Ташенова.
Айтуар туралы учаскелік инспектор да жақсы пікірде. Бекзат Қайсаев аталмыш елді мекенге инспектор болғанына үш жыл шамасы болыпты. Осы уақыт аралығында ешбір қылмыс тіркелмеген.
«Ауылда бізде есепте тұрған азаматтар жоқ. Үш жылда тіркелген қылмыс та жоқ. Тұрғындардың басым бөлігі ауылдағы шаруа қожалықтарында жұмыс істейді. Кәрі-жасы аралас. Мектепте еңбек етеді. Айтуарда спирттік ішімдік сатылмайды», — деп пікірін білдірді Бекзат Қайсаев.

Қазіргі кезде арақтан бойын аулақ ұстайтын ауылдардың қатары артып келеді. Қазір олардың саны шамамен 20-ға жетеді. Дүкен сөрелерінде арақ-шарап сатылмайды. Үлкен той, мерекелерде де халық дастарханға арақ емес, қымыз қойғанды жөн санайды. Сондықтан болар, мұндай ауылдарда азаматтардың бір-біріне деген сенімі мол. Тәртіп орнаған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан республикалық маңызы бар автожолдарда 15 адам қаза тапты