Ауылдағы көңілді отырыс екі адамның өлімімен аяқталды. Оқиға биыл мамыр айында Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында орын алды. Александр Руденко көрші ерлі-зайыптыларды балтамен ұрып өлтіріп, кейін мәйіттерді өртемек болған. Қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты — ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады Qazaqstan Media.

Мамыр айында болған екі адамның өліміне 37 жастағы Александр Руденко кінәлі деп танылды. Қылмыстық іс Солтүстік Қазақстан облысы бойынша арнайы ауданаралық қылмыстық істер сотында қаралды.

«Ол Е. және К. есімді ерлі-зайыптылармен бірге арақ ішкен. Отырыстың барысында олардың арасында жанжал шығып, Руденко ерлі-зайыптыларды бастарына балтамен бірнеше рет соғып өлтірді», — деп хабарлады Qazaqstan Media редакциясына Солтүстік Қазақстан облысының арнайы ауданаралық қылмыстық істер соты.

Екі бірдей адамды өлтірген қылмыскер бұған дейін де сотталған. Сондықтан полициядан жасырыну үшін және қылмыс ізін жасыру мақсатында көршілерінің мәйіттерін өртемек болған.

Руденко өз кінәсін сотта толық мойындады. Прокурор оған 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот үкім шығарған кезде заңда қарастырылған жеңілдететін жағдайларды — кінәсін мойындауы және кәмелетке толмаған балаларының болуы — есепке алды. Қатаңдататын жағдай ретінде масаңдық жағдайы қабылданды.

«Қылмыстың ауырлығын, сондай-ақ зардап шеккендердің сотталушыға заңға сай қатаң жаза тағайындауды сұраған пікірін және сотталушының ұқсас қылмыс үшін бұрын сотталғанын ескере отырып, сот Руденкоға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», — деп хабарлады сот.

Қамауда ол еңбек етуге міндетті болады. Сондай-ақ, зардап шеккендерге бес миллион теңге өтемақы төлеуі тиіс. Азаматтық талапты төлеуге оған туыстары көмектесуі мүмкін.

Үкім заңды күшіне енді.

Тағы оқыңыз: СҚО тұрғындарына жылу үшін 75 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *