Жамбыл ауданындағы Пресноредуть ауылында 25 жылға жуық бос жатқан бұрынғы сауда орталығының ғимараты қайта қалпына келтіріліп жатыр. Нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен жалпы сомасы 201 млн теңгеден астам қаржы бөлінген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ғимаратты қайта қалпына келтіру жобасы екі жылға шақталған. Күрделі жөндеу жұмыстары биыл ғана басталыпты. Пресноредуть ауылдық округі әкімнің сөзінше, бұл ғимарат 90-шы жылдары алдымен дүкен, кейін үлкен сауда орталығы болған екен. Ал 1999 жылдан бері нысан қаңырап бос тұрған көрінеді.
«Өте көп уақыт бос тұрғандықтан айналасын шөп басып, нысан тым ескіріп кеткен. Биыл әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, міне жаңа мәдени-демалыс орталығы ашылмақ. Өте қуаныштымыз. Ғимараттың аумағы үлкен. Сол себепті, бұл орталықтың ішінде медициналық пункт, пошта, балаларға арналған шағын оратылық, тіпті ауылдық әкімдікті де сол жаққа көшіру жоспарда бар. Бірақ, негізінен орталықта балаларға арналған түрлі үйірмелер болады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары келіп, спортпен айналыса алатындай тренажер залы, бильярд, шахмат, теннис үстелдерін орнатсақ деген ойымыз бар», — деді ауылдық округ әкімі Баймағамбет Қайыров.
Бұрынғы сауда орталығы болған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу үшін жалпы сомасы 201 млн 202 000 мың теңге қаражат бөлінген. Орталықтың құрылыс жұмыстарына «Стройдизайн» ЖШС жауапты. Жалпы, Пресноредуть ауылында 227 үй түтін түтетіп отыр. Елді мекендегі мектепте 83 бала білім алады.
«Ауылда 516 адам тұрады. 11 жылдық мектебіміз бар. Кішкентайларға арналған шағын орталық та жұмыс істейді. Қазір оған 14 бала барады. Екі жыл бұрын Алматы облысының Қаскелең ауылынан екі отбасы көшіп келген. Ауылда бұл жанұяға арнап екі үй салынды», — деді ауылдық округ әкімі Баймағамбет Қайыров.
Қазіргі уақытта мәдени-демалыс орталығының конструкциясын толық демонтаждау жұмыстары жүргізілген. Еден мен кірпіш құю жұмыстары да аяқталуға жақын. Ғимараттағы жылу жүйесі де 100 пайызға дайын екен.
«Бүгіндері нысанның сыртқы әрлеу жұмыстары басты назарда. Мердігер компания күн жылы кезде сыртқы жұмыстарды аяқтап алуға шешім қабылдады. Күн суытса бірден ішкі әрлеу жұмыстарына кіріседі. Қазір ғимаратқа электр қазандықтары орнатылды, электр сымдары тартылды, қабырғалардың 80% сыланған. Есік-терезе саңылауларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, терезелер арасындағы бағаналар мен шкафтарды нығайту, еден плиталарын ауыстыру, темір-бетон көпірлерді металлға ауыстыру жұмыстары да жүргізілді», — деді Баймағамбет Қайыров.
Әкімінің сөзінше, биыл Пресноредуть ауылдық округінде 12 шақырым жол салынған. Сонымен қатар елді мекен тұрғындарының игілігі үшін шағын футбол және ойын алаңы да қолданысқа берілген. Қазір ауылды жарықтандыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр екен. Оған аудандық бюджеттен қажетті қаражат бөлінген.
Тағы оқыңыз: Ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан: Шал ақындық еңбек ардагері 85 жасқа толды