Петропавлда 600 орынға шақталған заманауи мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол 1-ші қыркүйекке дейін тапсырылуы тиіс, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Мектеп құрылысы былтыр тамыз айында басталған. Қазір мұнда 100 адам еңбек етуде. Орман ықшам ауданында салынып жатқан білім ордасы 1-ші қыркүйекке дейін тапсырылуы тиіс.
«Құрылыс барысында отандық материалдарды қолданып жатырмыз. Қызыл кірпіш Көкшетаудан жеткізіледі. Газоблок пен бетонды жергілікті компаниялардан аламыз. 2-3 зауытпен келісімшарт жасалған. Күні-түні, қажет уақытта бетон алып тұрамыз», — дейді ASTI ЖШС учаске басшысы Сәкен Ілиясов.
Жайлы мектеп заманауи білім мен сапа стандарттына сай тұрғызылып, жарақтандырылады. Нысан аумағы – 10 мың шаршы метр. Оқушылардың легін бөлу мақсатында мұнда 2 спорт залы қарастырылған. Үлкені орта және жоғары буын сыныптарына арналса, кішкентайында бастауыш оқушыларының дене шынықтыру сабағы өткізілмек. Одан бөлек, оқу орнының алаңында стадион, ойын алаңқайлары мен ұлттық спорт түрлерін насихаттауға арналған алаң орналасады.
600 орынға шақталған мектептің құрылысы Samruk-Kazyna Construction АҚ тапсырысымен салынып жатыр.
«Мектеп стем-зертхана, робототехника кабинеті, хореографиялық зал, демалыс және коворкинг аймақтарымен жабдықталады. Әр қабатта ауыз су бұрқағы орнатылып, әр оқушыда жеке заттарын сақтайтын шкаф болады. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта жасалады. Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артық болады. Нысан бейнебақылау камералары, кіріп-шығуды қадағалау жүйесі және қауіп төнген жағдайда есіктерді автоматты түрде құлыптау жүйесімен де қамтылады», — деді Samruk-Kazyna Construction АҚ СҚО бойынша өңірлік өкілі Асхат Кенжеболатов.
Мектеп 4 жағынан автокөлік жолдарымен, кең автотұрақ, автобус аялдамасы және жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етіледі. Аталған жұмыстарды орындау үшін Петропавл қаласының әкімдігімен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер ұйым анықталған. Ал сыртқы инженерлік желілерді нысан аумағына дейін тартуға құрылыс басқармасы жауапты. Ведомство шаруаға жуық арада кіріспек.
Жалпы ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 2700 оқушыға арналған төрт білім ордасы бой көтереді. Оның екеуі биыл, қалған екеуі келесі жылы тапсырылмақ.
Тағы оқыңыз: Жұмыссыз азаматтар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үй салуға көмектесе алады