«Жай ғана сөйлесуге бардық»: Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірді деп айыпталып отырған күдіктілерден жауап алына бастады

Петропавлда жерлеу рәсімдерін ұйымдастырумен айналысқан кәсіпкер мен оның отбасын өлтірді деп айыпталып отырған күдіктілерден жауап алына бастады. Сондай-ақ жәбірленуші тарап моральдық және материалдық шығынның көлемін белгіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Кезекті сот отырысы басталысымен-ақ жәбірленуші тарап айыпталушылардан моральдық және материалдық шығынды өндіруді талап етіп, азаматтық іс қозғауға өтініш жасады. Қайтыс болған кәсіпкердің қызы Татьяна Приходченко күдіктілерден материалдық шығын ретінде 300 мың теңгеден астам соманы, ал моральдық шығын ретінде 30 млн теңге сұратты. Сондай-ақ кісі қолынан қаза тапқан Юлия Приходченконың ата-анасы қызы мен күйеу баласы және жиенін өлтірді деген күдікке ілінгендерден моральдық шығын ретінде 40 млн теңге талап етті. Судья бұл арызды қанағаттандырып, айыпталушылардың мүлкі бұғатталды.

Ирина Скоробогатованың берген жауабы

Кейін Ирина Скоробогатовадан жауап алынды. Ол өз сөзінде қайтыс болған Приходченко отбасымен достық қарым-қатынаста болғандығын айтты. Және олардың өліміне еш қатысым жоқ деді. Қайғылы оқиға болған күні, яғни желтоқсанның 27-сі ол таңертең сүйіктісі Сергей Емельяновты жолға шығарып салған. Ол аудандардың бірінде жерлеу рәсімін ұйымдастырған. Кейін олар түс кезінде кездесу керек болған. Алайда Емельянов келмеген. Тіпті, байланысқа да шықпаған. Айыпталушы Сергей Емельянов тек кешкі алты жарымдар шамасында ғана хабарласып, көлігі сынып қалғандығын айтқан. Және темір тұлпарын станцияға кіргізгендігін жеткізді. Тек содан кейін ғана олар кездескен.

«Оның жұмысының қасында, яғни 3-ші қалалық аурухана жақта кездестік. Сергей көлігімнің артқы орындығына отырды. Мені де шақырды. Сосын қолында болған пакетті саған ұсынып, жаңа жылдық сыйлық деді. Мен бірден одан не болғандығын сұрастырып, барлығы дұрыс па дедім. Осы кезде ол маған «мен тірімін, ал қалғандары жоқ» деді. Мен бірдеңенің болғандығын түсіндім. Сосын ол інісі Юриймен кездесу керек деп, сол жаққа апарып тастауымды өтінді. Жолда жұмысшысы Данил Орловқа соғып, оны да алып кеттік. Сол кезде мен тағы не болғандығын сұрадым. Емельянов Вадим Приходченкомен кездесуге барғандығын айтты. Бірақ әңгімелері жараспаған. Мен олар адам өлтірді дегенге сене алмадым. Барып барлығын полицияға айтыңдар дедім. Юрий де осыны айтты. Осы кезде Сергей Емельянов онсыз да тәртіп сақшылары оларды Приходченколардың үйінің қасында тоқтатқандығын жеткізді. Сондықтан олар жақындарымен қоштаспақшы болды», — деді сотта айыпталушы Ирина Скоробогатова.

Ирина Скоробогатова Вадим Приходченко мен оның отбасын өлтірді дегенге тек келер күні ғана көз жеткізген. Ал оған дейін сенбегендігін айтты. Осы сәтте оған марқұм болған кәсіпкердің қызы Татьяна Приходченко сұрақ қойды.

«Сіз жаңа ғана менің ата-анаммен достық қарым-қатынаста болдым деп айттыңыз. Және сізге оларды өлтірді деп айтқанда сенбедім дедіңіз. Онда неге телефон шалып, жағдайларын сұрамадыңыз? Жақсы аралассаңыз өздеріне хабарласып көру керек еді», — деді Татьяна Приходченко.

Бұл сұраққа жауап берген Ирина Скоробогатова өзінің шок алғанын және бұл оқиғаға еш сенбегенін айтты. Ал жәбірленуші тараптың адвокаты айыпталушының алғашқы бетте берген жауабы мен сот отырысында айтқаны бір-бірімен қабыспайтынын жеткізді. Тіпті, тергеушілерге берген жауабынан үзінділер келтірді.

Ирина Скоробогатова болса, өзіне құқық қорғаушылар тарапынан қысым көрсетілгендігін айтты. Сондықтан алдағы уақытта сот отырысында олардан да жауап алынбақ.

Сергей Емельяновтың берген жауабы

Бұл күні бүтін бір отбасын өлтірді деп айыпталып отырған Сергей Емельяновтан да жауап алынды. Ол Вадим Приходченкомен жанжалдасып қалғанын айтты. Оның қолында Сергейдің полицейлерге ақша беріп жатқандығын дәлелдейтін материалдар болған. Сондықтан олар қайғылы оқиға болатын күні кездесіп, әңгімелеспек болған.

«Мен Вадиммен сөйлесуге баратын болдым. Біз кешкі бесте кездесеміз деп келістік. Ал алтыда мен жаттығуға баруым керек болғасын, қасыма залға бірге баратын Данил Орловты ертіп алдым. Біз Приходченконың үйіне жақындай бергенде бір көліктің шығып бара жатқандығын көрдік. Бірақ мен мән берген жоқпын. Сосын қаңырап бос тұрған көрші үйдің ауласынан Вадимнің үйіне өттік. Баспанаға кірдік. Біз оның ұлы үйде болатындығын білген жоқпыз. Ол алдымыздан шығып, бірдеңені сұрай  бастады. Мен оны ұрып қалдым. Ол есінен танып, құлап түсті. Сосын Орловқа оны басқа бөлмеге апарып таста дедім. Ал өзім флешканы, маған қатысты құжаттарды іздей бастадым. Алтын, ақшаларды мен алған жоқпын. Мені ондай нәрселер қызықтырмайды», — деді Сергей Емельянов.

Осы сәтте үйге Вадим Приходченко кіріп келген. Ол ұлының байлаулы жатқанын көріп, Сергейге бас салған көрінеді.

«Екеуміз 20 минуттай алысып-жұлыстық. Бір кезде мен қолыма түскен балғамен оны ұрып қалдым. Бірақ ол тірі болатын. Сосын ас үйге барсам Юлия жатыр. Бір кезде Орлов келіп, қолындағы пышақтың майысып қалғандығын айтты. Мен жатын бөлмеге кірдім. Жерде Вадим, ал төсекте ұлы қан-жоса болып жатты. Біз жай ғана сөйлесуге бардық. Бірақ осылай болады деп ойламадым», — деп жалғастырды айыпталушы Сергей Емельянов.

Кейін олар киімдерін ауыстырып, үйден шығып кеткен. Емельяновтың айтуынша сүйіктісі Ирина Скоробогатова бұл оқиғадан хабарсыз. Ол бұлардың кездесетіндігін білмеген.

Сергей Емельяновқа сұрақ қойған марқұм Юлия Приходченконың анасы күйеу баласының ешқашан үйде кездесу ұйымдастырмайтындығын айтты. Ол жұмысына қатысты мәселелерді кеңсесінде ғана шешкен.

Айта кету керек, сот отырысы күні бойына жалғасты. Кешке таман Сергей Емельянов ашуға бой алдыра бастады. Тіпті, жәбірленуші тараптың қорғаушысы қойған сауалдарға жауап беруден бас тартты.

Сергей Емельяновтың да тергеу кезінде және сот отырысы барысында берген жауаптары бір-біріне қайшы келеді. Мұны оған сұрақ қойған судья байқады. 

Тағы оқыңыз: Петропавлда халықтық штабтың мүшелері колледж студенттерімен кездесті

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x