Жаңа жылдық тәтті сыйлықты алғанда неге мән беру керек?

Жаңа жыл қарсаңында тәтті сыйлықтарды қалай таңдауға болады? Бұл туралы СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары кеңес берді. Олар тұрғындарға бірнеше ережені есте сақтау керектігін де айтты, деп жазады Qazaqstan Media.

Жаңа жыл қарсаңында тұрғындардың көпшілігі балалар мен жақындарының көңілін көтеру үшін тәтті сыйлықтарын дайындай бастайды. Әсіресе балдырғандар Аяз ата беретін тәттілерді асыға күтеді. Осы орайда мамандар жаңа жылға дәмді, сапалы және қауіпсіз тәтті сыйлық алу үшін бірнеше кеңестерін берді.

«Жаңа жылдық тәтті сыйлықтарды ұйымдастырылған сауда орындарынан сатып алған жөн. Сатып алу кезінде қаптамаға назар аударыңыз. Ол бұзылмаған күйде, өнімнің таңбасында келесі мәліметтер болуы керек. Атауы, құрамы, дайындалған күні және  жарамдылық мерзімі мен тамақ өнімдерін сақтау шарттары болуы шарт. Сонымен қатар, тағамдық құндылықтың көрсеткіштері, тамақ өнімдерінде гендік-модификацияланған ағзаларды қолдану арқылы алынған компоненттердің бары туралы мәліметтер, кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі болған жөн», — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова.

Балаларға сыйлық таңдағанда, кондитерлік өнімдердің құрамында тағамдық қоспалар, консерванттар, гидратталған майлар мен трансмайлардың аз болуына баса назар аудару керек.  Жарамдылық мерзімі тәтті жиынтықтың құрамына кіретін ең тез бұзылатын өнім бойынша белгіленеді.  

Сондай-ақ тәтті сыйлықты қолдан жасайтындар бар.  Мәселен, балалардың сүйікті кәмпиттерін сатып алып, тәттілерге ойыншық қосуға болады. Бұл жағдайда да бірнеше ережені есте сақтаған жөн.

«Өрік дәні, жержаңғақ сияқты ықтимал аллергендердің бар-жоғына назар аударыңыз. Оларды балалардың тамағында қолданбаған жөн. Айта кететіні, карамель, оның ішінде мұз карамелді, балаларға арналған тәтті жиынтыққа салмаған дұрыс болады. Сапалы тәтті жиынтықтың құрамында шоколад, кәмпиттер  болуы мүмкін. Міндетті түрде қаптамада: вафли, пірәндік, печенье, жұмсақ ирис, пастила, зефир және мармелад болады. Соңғы екі компонент басқа тәттілермен салыстырғанда қанттың аз болуына байланысты ең зиянсыз болып табылады. Тәттілердің құрамында дәм мен хош иісті күшейткіштер, консерванттар, синтетикалық бояғыштар, табиғи дәмге ұқсас хош иістендіргіштер, гидрогенизацияланған майлар, табиғи кофе болмауы тиіс. Бұл ингредиенттерді балаларға арналған кондитерлік өнімдерде қолдануға тыйым салынған. Бірақ табиғи бояғыштар мен хош иістендіргіштерді пайдалануға рұқсат етіледі», — дейді Татьяна Горлова.

Сыйлықтың ішінде кондитерлік өнімдермен бірге ойыншық салатындар да бар. Ойыншық тағам өнімдеріне қауіпсіз арнайы қаптамада болуы шарт.  Ойыншық таңдағанда да баланың жас ерекшелігіне мән берілуі тиіс. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарда табиғи жүн мен тері болмауы керек. Себебі, олар өте күшті аллергендер. Сондай-ақ, ойыншықта шыны және басқа сынғыш материалдар, ұсақ бөлшектердің болмағаны жөн.

Егер тәтті сыйлықтар мен ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты күмән туындаған жағдайда,  облыстық  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басқармаларына жүгінуге болады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да балалардың астан улануы бойынша қылмыстық іс қайта қозғалды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *