Тайынша ауданында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауын жүзеге асыру мәселесі талқыланған жиын өтті. Онда аудандық бөлімдердің өкілдері экономика, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және жер қатынастары салаларындағы жоспарларын баяндады, деп жазады Qazaqstan Media.
Аудан әкімі Берік Әлжанов мемлекет басшысы қойған міндеттер жүйелі түрде шешілуі керектігін атап өтті. Мысалы, аграршыларды қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу арқылы.
«Президент аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуді тапсырды. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырады. Біз үшін бұл – Тайынша ауданы инвесторлар үшін бәсекеге қабілетті аймақ бола алатынын дәлелдеу мүмкіндігі. Инфрақұрылымды дамыту, бизнесті жүргізу жағдайын жақсарту, инвесторларды қолдау шараларын реттеу жұмыстарын жалғастырамыз. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтарды және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны толыққанды даму институты ретінде нығайтамыз», – деді әкім Берік Әлжанов.
Ауыл шаруашылығы
Тайынша ауданы өңірде аграрлық сала көшбасшыларының бірі болып қала береді. Мұнда сүт-тауарлы және қой шаруашылығы фермаларын салу, бордақылау алаңдарын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу жобалары жүзеге асуда. Мәселен, GPS-навигация, дрондар, мал шаруашылығында автоматтандырылған бақылау жүйелері қолданылуда. Бұл шаралар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырады.
Белгілі аграршы Сергей Звольский:
«Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні бұрыннан енгізіп келеміз. Даламызда “ақылды” комбайндар жұмыс істейді, картоп егілетін суармалы жерлерде заманауи технологиялар пайдаланылуда», – деді.
Мемлекеттік бағдарламалар да шаруаларды қолдауда. «ӘКК Солтүстік» АҚ арқылы 10 жоба қаржыландырылды: төртеуі – сүт-тауарлы ферма, бесеуі – қой шаруашылығы фермасы, біреуі – шошқа кешені. Нәтижесінде 500-ден астам жұмыс орны ашылып, 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айгүл Хамзина: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бордақылау алаңдарына жылдық 5 % мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі. “Кең Дала” және “Кең Дала – 2” бағдарламалары егін егу мен жинауға несие ұсынады. Ал “ҚазАгроФинанс” ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен береді», – деді.
Коммуналдық инфрақұрылым
Ауданда су құбырларын және жылу желілерін ауқымды түрде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 212 шақырым су құбырының құрылысы, қазандықтарды жаңарту және жылу трассаларын жөндеу жобалары іске асырылып жатыр. Сондай-ақ аудандық маңызы бар автожолдар мен ауыл ішілік көшелерге орташа жөндеу жасалуда.
ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Марат Баймағамбетов: «Теміржол ықшамауданындағы қазандықта шатыр, құбырлар мен терезелер ауыстырылды. Ал орталық қазандыққа 55 млн теңге тұратын жаңа жабдық орнатылып жатыр. Жұмыстар аяқталуға жақын. Аудандық деңгейдегі жеті жол жобасы мен үш ауылішілік жол жобасы жүзеге асуда. Красная поляна, Киров және Летовочное ауылдарында 366 млн теңгеден астам сомаға жол жөндеу жұмыстары жүргізілді», – деді.
Жер мәселелері
2022 жылдан бері мемлекеттік меншікке 70 мың гектарға жуық жер қайтарылды. Бұл жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуде. Билік өкілдерінің пікірінше, бұл жайылым тапшылығын азайтуға және жергілікті халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Білім беру
Аудан мектептерінде цифрландыруға ерекше назар аударылып отыр. BilimClass жобасы, балалардың жеке даму карталары, балабақшаға қабылдаудың электрондық жүйелері енгізілуде. Жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдер жасанды интеллектіні оқытуда қолдану курстарынан өтуде. Сондай-ақ ауыл мектептерінде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
«Басты міндеттеріміз – білім сапасын арттыру, ауыл мектептерін қолдау, оқу процесін цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру. Мұғалімдер мен директорлар цифрлық сауаттылық бойынша курстардан өтуде. Ал мектептерде қауіпсіздік үшін камералар мен бет-әлпетті тану жүйелері орнатылып жатыр», – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Ержан Каментиков.

Әлеуметтік сала және медицина
Жиында еңбек нарығын дамыту, әлеуметтік төлемдерді біріздендіру және медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелері де айтылды. Қазіргі таңда ауданда 20 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған, олардың ең көбі (28 %) – ауыл шаруашылығында. Соңғы жылдары 1302 жаңа жұмыс орны ашылған, соның 582-сі – тұрақты.
«Мақсатты көмек көрсету үшін “Цифрлық отбасы картасы” енгізілмек. Жыл ішінде кедейлік шегінде өмір сүретін отбасылар саны 88 %-ға азайды – 455-тен 242-ге дейін қысқарды. АӘК алушылардың жұмыспен қамтылу жоспары 94 % орындалды», – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнагүл Жақенова.
Экономикалық даму
Аудан әкімінің орынбасары Әділет Рақымжановтың айтуынша, жеті айдың қорытындысы бойынша аудан экономикасында айтарлықтай өсім байқалды: ауыл шаруашылығында – 10,9 %, өңдеу өнеркәсібінде – 156 %, ал сауда көлемі төрт есеге артқан. 1302 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 582-сі тұрақты болды. Жұмыссыздық деңгейі 1,4 %-ға төмендеп, бюджет кірістері 149 %-ға өсті.
Аудан жаңа инвестициялық циклды іске қосуда белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпыұлттық пулға 13 млрд теңгелік төрт жоба енгізілген. Ал биылғы қаңтар–шілде аралығында негізгі капиталға жеке инвестициялар көлемі 53 %-ға артқан. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға да ерекше көңіл бөлінуде: сауда желілерімен меморандумдар жасалып, үстемеақы 10 %-дан асырылмайды.
Жиынды түйіндеген аудан әкімі Берік Әлжанов заң мен тәртіптің – мемлекеттің берік тірегі екенін атап өтті:
«Заңсыздық пен құқық бұзушылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік принципін сақтау аса маңызды. Мемлекеттік органдардың жұмысы осы бағытқа шоғырлануы тиіс. Сонда ғана қоғамда құқық бұзушылыққа, қатыгездікке және зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қалыптасады. Ең басты міндет – мызғымас бірлікті сақтау. Әрбір азамат мемлекетшіл әрі патриот болуы қажет», – деді әкім.
Жиынға қатысушылар аграрлық сектордан бастап білім беру мен денсаулық сақтауға дейінгі барлық салалар кешенді түрде жұмыс істесе ғана аудан экономикасының дамуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға жол ашылатынын атап өтті.
Тағы оқыңыз: «Жүректен жүрекке»: СҚО волонтерлері қарттар үйіне барды