Ұлттық банк жаңа дизайнмен номиналы екі мың теңге болатын банкноталарды айналымға шығарады. Бұл «Сақ стилі» сериясынан жасалған – үшінші банкнота. Онда қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтері көрсетілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жаңа екі мың теңге жаппай қолданысқа 2025 жылдың екінші тоқсанында беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет екен.
Ақша белгісінің дизайны мен формасы туралы
Банкноталардың түсі – жасыл. Оның бет жағында көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы) бейнеленген.
ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы салынған. Артефакт – молшылық пен байлықтың символы ретінде мүйізді жануардың бейнесі (Қызылтоған қорғаны, б.з.д. 7-6 ғғ., Жетісу) түсірілген.
Артқы жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқанның фонында ақбөкендер, «Қалқанды» бейнелейтін дөңгелек қазақ ою-өрнегі — құндылықтарды қорғаудың символы ретінде салынған. Ежелгі символ – әлемнің төрт қыры, орталықтағы күн белгісі Жасампаз энергия мен өмірдің символы ретінде жасалған.
Сондай-ақ банкнотаның сырт жағында артефакт – ақбөкеннің басы бейнеленген (№4 қорған, б.д. д. 7 ғғ., Қазақстан, Торғай облысы Қостанай уезінің Данбар болысынан табылды).
Банкнотаның ортасында фон ретінде қазақ ою-өрнегіндегі «шексіздік» контуры бар, оның ішінде Бурабай көлінің бейнесі бейнеленген.
«Номиналы 2 000 теңгелік жаңа банкноталар 2024 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енеді және 18 ай бойы айналыстағы 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнота) ауыстырылады.
Ескі үлгідегі барлық банкнота 1,5 жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ»,- деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылдың 25 желтоқсаннан 2026 жылдың 24 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.
Ол кезең аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 24 маусымнан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноталарды үш жыл ішінде, яғни 2029 жылғы 25 маусымға дейін жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ұлттық банк филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 27 күнге жететін бензин қоры бар