Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жаңа жыл мерекесі қарсаңында жиі кездесетін кибералаяқтық схемалары туралы ескертті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 11 ай ішінде өңірде интернет кеңістігінде орналастырылған 5,6 мыңнан астам хабарландыру тексерілген. Олардың 816-сы кибералаяқтық белгілеріне байланысты бұғаттауға жіберілген. Жаңа жыл жақындаған сайын мұндай бақылау жұмыстары ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Полицейлердің айтуынша, мереке алдында арзан бағамен, тіпті 50 пайызға дейін жеңілдікпен ұсынылатын шыршалар, ойыншықтар және басқа да тауарлар туралы жалған хабарландырулар көбейеді. Мұндай ұсыныстарға аса сақтықпен қарау қажет. Сатушының сенімділігіне көз жеткізбей, алдын ала төлем жасау үлкен тәуекелге әкелуі мүмкін.
Өткен жылы Петропавл қаласында осындай алаяқтықтың құрбаны болған жағдай тіркелген. Әйел балабақшадағы жаңа жылдық ертеңгілікке арналған тәтті сыйлықтар мен мерекелік әшекейлерге интернет арқылы тапсырыс беріп, алдынған. Келтірілген шығын шамамен 60 мың теңгені құраған.
Қылмыскерлер ресми интернет-дүкендердің көшірме сайттарын жасап, азаматтарды жаңылыстырады. Көп жағдайда пайдаланушылар сайттың түпнұсқалығын тексермей, алданады.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 563 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 жағдайға аз.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында полицейлер тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет кеңістігін бақылауды күшейтіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда.
Тағы оқыңыз: СҚО-да кикбоксингтен Азамат Нұрпейісовті еске алу турнирі басталды


