UNICEF халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша Қазақстанда әрбір жетінші ата-ана жұмысбастылықтың көптігінен баласына уақыт таба алмайтынын айтқан. Солтүстік Қазақстан облысы бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда тұр — мұнда ата-аналардың 17,9 пайызы балаларына көңіл бөле алмай келеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл деректер елімізде балалардың әл-ауқаты индексін бағалау аясында жүргізілген кең ауқымды әлеуметтік зерттеу нәтижесінде анықталды. Барлығы 93 мыңнан астам адам сауалнамаға қатысқан, олардың ішінде 52 мыңнан астамы — ата-аналар, ал 40 мыңнан астамы — оқушылар.
Зерттеу нәтижесінде ата-аналардың 13,9 пайызы жұмысбастылықтың көптігінен балаларына жеткілікті уақыт бөле алмайтынын айтқан. Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысында (17,9%), Алматы қаласында (17,8%), Қостанай (17,3%) және Ақмола (16,1%) облыстарында тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіштер Шығыс Қазақстан (9,1%), Батыс Қазақстан (10%) және Атырау (10,6%) облыстарында байқалды
Мамандар ата-аналарға күн сайын кемінде 5–10 минут уақытын баласына арнап, смартфон мен басқа да гаджеттерден алшақ тұрып, шынайы әңгімелесуге кеңес береді. Мұндай қарым-қатынас баланың өз отбасында өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне ықпал етеді.
Егер балада мазасыздық, тұйықтық немесе ашушаңдық байқалса, ата-аналар мектеп психологіне, психологиялық қолдау орталықтарына немесе тәулік бойы жұмыс істейтін «111» байланыс орталығына жүгінуі тиіс.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда жыл басынан бері 326,3 мың тонна нан өндірілді