«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абайдың сөзі бар. Нақ осылай ұстаздықтың ауыр жүгін арқалап, шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалімнің бірі — Жұмабике Мұқанова. Зейнетке шықса да, ұстаздық жұмысынан қол үзбеген ол №2-ші Кішкенекөл орта мектебінде физика пәнінен сабақ береді. Саналы ғұмырының 40 жылын жас ұрпаққа білім беруге арнаған педагогпен Qazaqstan Media тілшісі сұхбаттасты.

Жұмабике Мұқанова кішкентайынан физикаға жақын болып өседі. Сондықтан мектепте оқығанда оның сүйікті пәні болған. Тек жиі ұстаздары ауыса берген. Сол кезде Жұмабике Рахметоллақызы өзі де шәкірт тәрбиелеп, ешқашан оқу ошағын алмастырмаймын деп ант су ішкен. Білікті ұстаз уәдесінде тұрды. Ол 40 жылға жуық уақыт №2 Кішкенекөл орта мектебінде мұғалім боп жұмыс істейді.

«№2-ші Кішкенекөл орта мектебінде еңбек жолымды бастағаныма осы жылдың қыркүйегінде 40 жыл болады. Осынша уақыт өтсе де, әлі күнге дейін барлық оқушыларымды жақсы танимын. Әсіресе, жолымды қуып физика саласын таңдағандармен үнемі мақтанамын. «Ұстаздан шәкірт озса –сол бақыт» демекші, бүгіндері осы салада жетістіктерге жетіп жүрген оқушыларым көп», — дейді №2 Кішкенекөл орта мектебі физика пәнінің мұғалімі Жұмабике Мұқанова.

Білікті ұстаз балалардың сабаққа деген қызығушылығын ояту үшін оқыған материалды өмірге барынша жақынырақ тартуға тырысады. Сондықтан инновациялық технологиялар мен тың оқыту әдістерін енгізіп отырады. Өзі де үнемі ізденіс үстінде. Ешқашан оқып, білімін шыңдаудан жалыққан емес.

«Жақсы ұстаз боламын десең, үнемі білімді жаңартып, жетілдіріп отыру қажет. Қазір заман басқа. Ақпараттық технологиялар дамыған уақытта, мұғалімдер де қалыспай, жаңа нәрсені үйреніп қалуға тырысуы керек. Мектебімізде жаңа қондырғылар орнатылған. Олар сабақ барысында зерттеулер мен тәжірибелер жасауға мүмкіндік береді. Бұрын ондайлар болмаған еді. Сондықтан олардың да тілін меңгеру керекпіз. Содан да болар, өзім түрлі курстар, оқыту семинарлардан қалмаймын. Өйткені, бүгінгінің ұстазына оның тигізер пайдасы зор», — дейді педагог.

Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Жұмабике Мұқанова осы уақыт аралығында түрлі марапаттарға ие болған. Соның ең бағалысы — «Құрмет ордені». Ол оған 2020 жылы табысталған. 

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x