Редакциямызға ерлі-зайыпты Ломоносовтар жүгініп, өздерінің әлеуметтік қызметкердің көмегіне мұқтаж екендерін айтты. Бірақ, ондай көмекке ие болу үшін, жағдай белгілі критерийлерге сай келуі тиіс. Ал, қариялардың ер жеткен балалары, бір сөзбен айтқанда қамқоршылары бар. Qazaqstan Media тілшісі зейнеткерлермен тілдесіп, мәселені арнайы мекеме басшыларына да жеткізді.
Наталья Ломоносова бар ғұмырын білім саласына арнаған. Білікті педагог зейнетке шыққан соң, паркинсон аурына шалдыққан. Сырқат зейнеткерге жұбайы мен қызы екі жақтап көмектеседі. Дегенмен кейде бұл көмек те аздық етеді.
«Болмағанда бір рет келіп көмектесіп кететін әлеуметтік қызметкер болса дейміз. Дүкенге, емханаға бірде қызым, енді берде жұбайым барады. Келіп-кетіп жүреді. Бірақ қызымның өз отбасы, жұмысы бар ғой. Сондықтан ыңғайсыздық тудырады», — дейді еңбек ардагері Наталья Ломоносова.
Анатолий Ломоносов болса зауытта еңбек еткен. Жас кезінде қандай жұмыс бар, соның бәрін істеген. Соңғы кездері зейнеткердің денсаулығы сыр беріп жүр. Қария екі рет инсульт алып ауруханада да жатып шыққан.
«Таңғы жеті отызда емханаға келіп, талоныңызды алып нефрологқа кезекке тұрыңыз дейді. Ол үшін маған алдымен сол емханаға жетіп алу керек. Ал мен болсам мына 50 метр жерде тұрған дүкенге бару үшін қиналамын. Онда барып талон алған күннің өзінде, дәрі-дәрмек үшін қайта келу керек болады. Денсаулығым оған жарамайды. Ал туған ұлым Ресейде тұрады. Ол өте сирек келеді, бізге әлеуметтік қызметкер бөлінсе екен», — дейді Анатолий Ломоносов.
Ал, бүгінде қария емханаға дәрі-дәрмек пен ем алу үшін де бара алмайтын хәлге жеткен. Сондықтан оларға әлеуметтік қызметкердің көмегі керек-ақ. Бірақ ондай қызмет жалғызбасты жандарға ғана көрсетіледі.
«Зейнеткерлердің осы қалада тұратын қызы бар және ол еңбекке қабілетті. Мұндай жағдайда әлеуметтік қызметкер көмегі көрсетілмейді. Бірақ егер балалары денсаулығына байланысты ата-аналарына көмектесе алмаса, онда бұл жағдайды қарастырып көруге болады», — дейді Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Данияр Асылбеков.
Жалпы, бұл отбасы осыған дейін арнайы мамандардың көмегіне жүгінбеген. Енді бұл жағдайдан хабардар болған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аталған мәселені назарда ұстайтын болады.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық спортшылар Әлем чемпионатында жүлдегер атанды