Петропавлдық зейнеткердің 6 млн теңгеге жуық қаражатын алып кеткен студент қолға түсті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Алаяқтар 71 жастағы тұрғынға қоңырау шалып, туыстарының бірі жол апатына түскенін, салдарынан адамдар зардап шеккенін айтыпты. Қылмыстық іс қозғамау үшін ірі мөлшерде ақша беруін талап еткен. Айтылғандарға сеніп, уайымға салынған зейнеткер бар-жиған терген 13 мың АҚШ доллары барын айтады. СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ақшаны алаяқтардың айтқанын орындауға келген 16 жастағы жігіт алып кеткен. Шикілікті кеш сезген тұрғын полицейлерге жүгінген. Студент ұсталды, ұрланған қаржыны ешқайда жұмсап үлгермеген. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу амалдары жүрігізілуде.
«Полицияға уақытылы хабарласу қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектеседі. Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша шараларды жүргізіп отырады. Дегенмен, киберқылмыскерлердің құрығына аға буын өкілдері түсіп қалып жатады. Мұндай жағдайларда азаматтарды сабыр сақтап, қаржылық операциялар жасаған кезде асығыс шешім қабылдамауға шақырамыз. Күмән туғызарлық әрекеттер байқалса, бірден полицияға хабарлау керек», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 12 адам қызылша жұқтырды