2024 жылы тасқын су кезінде тұтастай су астында қалған Заречный кенті тұрғындарының қорқынышы енді өткенде қалады. Оларға көпқабатты үйлерден пәтерлер беріліп, алғашқы қоныстойын тұрғындар қарашаның соңында тойлайды, деп жазады Qazaqstan Media.
84 жасқа қараған шағында Галина Дубровская жалғыз қалып отыр. Заречный кентінде тұрады. Оның үйі де 2024 жылы су тасқынынан зардап шеккен. Кейін әкімдік баспанасын жөндеу үшін жеті млн теңгеден артық ақша аударыпты. Ол кезде қасында қызы Женя болып, құжаттардың бәрін реттестіріп жүрген. Кейуананың өтінішін қала әкіміне көршілері жеткізді. Олар қала әкімі Серік Мұхамедиев пен жауапты мамандардың ашық есік күнін өткізетінін біліп, арнайы келген.

«Галина қазір жалғыз тұрады. Қызы су тасқынынан кейін уайымға салынып, ауырып, көз жұмды. Қазір 84 жастағы зейнеткердің жер үйде тұруы қиын. Жөндеу жұмыстарына әкімдік берген ақша солай есеп шотта жатыр, оны жұмсаған жоқ. Барлық келісім шарт, құжаттар бар. Қала әкімдігі Галинаның үйін өз атына алып, орнына басқа баспана берсеңіздер»,-деп өтінді көршілері.
Тұрғындардың сөзінше жалғызбасты зейнеткер мүгедек екен. Сондықтан жүріп-тұруы қиындай түскен. Қарттардың өтінішін тыңдаған қала әкімі Серік Мұхамедиев оларға жақсы жаңалықты жеткізді. Заречный кентінің тұрғындарына жуырда жаңа пәтерлердің кілті табысталмақ.
«Қараша айының соңында жаңа пәтерлер беріледі. Көпқабатты үй Жас өркен шағын ауданында орналасқан. 90 пәтердің кілтін береміз. Сол кезде Галина Дубровскаяға алдыңғылардың қатарында жаңа баспана ұсынамыз. Құжаттардың барлығын сақтап қойсын. Келісім шарттардың барлығы да құжаттарды ресімдеген кезде керек болады»,- деді Серік Мұхамедиев.
Өздерінің емес, замандасы әрі көршілерінің мәселесін шешкен тұрғындар қала әкіміне алғыстарын жеткізді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл үш мыңнан астам адам шешекпен ауырған