Жұрт асыға күтетін Жаңа жыл мерекесі петропавлдық Тимур Әсетов үшін қарапайым жұмыс күн. Себебі, ол көпсалалы қалалық ауруханада дәрігер болып жұмыс істейді. Және дәл 31-ші желтоқсан күні кезекшілік атқарып, науқастарға көмек көрсетеді. QM тілшісі ақ халатты абзал жанмен тілдесті.
Тимур Әсетов – анастезеолог-реаниматолог маман. Ол барлық ота жасау кезінде қатысып, операция аяқталғанға дейін пациенттің жай-күйін бақылап отырады. Ол хирургиялық шара барысында адамға енгізілетін дәрі-дәрмектің дозасын анықтап, наркозбен жатқан науқастың жанында болады. Бір күнде ауруханада онға жуық ота жасалады. Ал кейде одан да көп болады екен.
«Отаның қай кезде, қай уақытта болатындығын білу мүмкін емес. Жоспарлап жасалатын операциялардан басқа, шұғыл түрде хирургиялық көмек көрсетілетін кездер де жиі болады. Сондықтан жұмысқа келгенде, мен сыртта болып жатқан оқиғалардан алыстап, тек науқастың жағдайын ғана ойлаймын. Аурухана көпсалалы болғандықтан жедел жәрдем қызметімен де науқастар жеткізіледі. Яғни, жол-көлік оқиғасына түскен, жарақат алған жандардың барлығы бізде емделеді. Сондай жағдайларға біз әрдайым дайын болуымыз қажет. Ота бір сағат емес, бірнеше сағатқа жалғасуы мүмкін», — дейді дәрігер.
Тимур Әсетовтың айтуынша, оларда мереке, демалыс күндері деген жоқ. Тек кезекшілік бар. Былтыр 31-ші желтоқсанда Жаңа жылды ол отбасымен тойлапты. Ал биыл жұмыста қарсы алады. Оған ол еш ренжімейді, өкінбейді.
«Бізде кезекшілік таңғы сағат 8.00-ден екінші күнгі 8.00-ге дейін жалғасады. Сондықтан бізге мереке екені байқалмайды. Егер операция болмаса, бәрі тыныш болса сағат 00.00-де үйдегілерге қоңырау шалып, құттықтаймыз. Ыңғайы келсе дастархан жайып, сол күнгі жұмыстағы әріптестеріміз бір-бірімізді құттықтаймыз. Сосын тікелей міндетімізді атқарамыз. Менің еңбек өтілім 10 жыл. Сондықтан отбасым менің жұмысыма үйренген. Балаларым кішкентай кезінде, әкелерінің неге үйде болмайтынын түсінбейтін. Қазір ер жетті. Бәрін жақсы түсінеді», -деді Тимур Әсетов.
Тимур кезекшіліктен шыққан соң отбасы мүшелерін құттықтап, балаларын қыдыртуды жоспарлап отыр.
Аяқталып жатқан 2024 жылға еш өкпесі жоқ. Есте қалатын жарқын сәттер де көп болған. Мәселен, ұлы мектеп табалдырығын аттап, оқушы атаныпты. Маңызды кездесулер болып, сәтті оталар жасалып пациенттерді ажалдан арашалар қалған.
2025 жылдан да күтері көп. Себебі, әр адам өз өмірін өзгерте алады дейді ол.
«2025 жыл да табысты болатынына сенемін. Сондықтан тек жақсылықты ойлау керек. Барлық жерлестеріме жылан жылы құт-береке әкелсін. Жыл айшықты оқиғаларға толы болсын!», — деп Тимур Әсетов өз тілегін жолдады.
Тағы оқыңыз: СҚО құтқарушылары зейнеткерді өрттен аман алып қалды