Жаһан жұрты асыға күткен қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бір алтын медальмен жалпыкомандалық есепте 19-шы орынға тұрақтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 94 елінен 2900-ден астам спортшы қатысты. Олар 16 спорт түрі бойынша сынға түсті. 116 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Олимпиадаға 10 дисциплина бойынша қатысты. 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) ел намысын қорғады. Отандастарымыз 49 медаль жиынтығы сарапқа салынған бәсекелерде бақ сынады.
Отандық спорт үшін биылғы Олимпиаданың ең ірі жетістігі 13 ақпанда тіркелді. Сол күні отандасымыз Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадада кейінгі 32 жылда жеңіп алған тұңғыш алтын медалі. Бұған дейін бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында тек қола жүлде болған. 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен үшінші орыннан көрінген еді.
Биылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 94 елдің ішінде 19-орынға тұрақтады. Қазақстан құрамасы соңғы рет 1994 жылы үздік жиырмалық қатарына енген еді. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы осы қысқы Олимпиадаға дайындалу үшін 13,3 млрд теңге жұмсаған болатын.
Тағы оқыңыз: «Солтүстік–2026» мерекесінде Уәлиханов ауданының спортшылары жеңіс үшін күресуде

