Биыл «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай қоғамның облыстық филиалы Петропавлда алқа отырысын өткізді. Тіл жанашырлары бас қосқан отырысқа қоғамның төрағасы Рауан Кенжеханұлы қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Алғашында клуб ретінде іргесі қаланған халықаралық қоғам 35 жылдың ішінде дамып, заман ағымына сай өзгерді. Қоғам арасында беделге ие болды. Қазақ тілінің дамуына, оның мәртебесін арттыруға үлес қосты.

«Біз тіл мен тәрбиені қатар алып келеміз. Ұйым әрқашанда мемлекеттік тілді насихаттауды алғашқы орынға қояды. Оның қолдану аясын кеңейту мен мәртебесін көтеру үшін түрлі бағытта іс шаралар өткізді. Мысалы, «тегін түзеу-тектілік» деген акция болды. Оның аясында ХҚКО және перинаталдық орталықта сәбилердің тегін -ов, -ев, -ова, -ева сынды жұрнақтардан арылтып, қазақша -қызы,-ұлы деп жазу ұсынылды. Оған қоса қоғамның көп бөлігін қамту үшін «Тіл үйренейік» тележобасы шығарылды. Облыста тіл орталығы жұмыс істейді. Онда 123 топта мемлекеттік тіл оқытылады. Бұл үлкен жұмыстың шамалы бөлігі ғана», — деді «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы СҚОФ төрағасы Жанат Мұхамеджанов.
Халықаралық қоғамның бастамасымен өңірде идеологиялық тұрғыда атаулары ескірген ауыл, көшелерге — тарихи қазақша атауларын қайтару жұмыстары жүргізілді. Бұл орайда 50 ауылдың тұрғындарымен кездесулер болыпты.
Жиынға арнайы келген «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы өңірде тілге қатысты атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын берді.

«Әр өңірде қоғамның филиалдары бар. Солтүстікте оның жұмысы ерекше көрініп тұр. Тіл мәртебесін, тіл саясатын көтеруде атқарылған шаруа көп. Ол тек ғылым, білім саласында ғана емес, бизнес, қаржы салаларында да дамып келеді. Қазіргі кезде бізге тілді үйретуде әдістемелерді, құралдарды жаңарту керек. Заман ағымынан қалмауымыз шарт. 35 жылдың ішінде төгілген маңдай тердің жемісі мол. Мәселен, оны халық арасында тілді қолдануынан байқауға болады. Мемлекеттік тілді үйренемін дегендерге орта құруымыз керек», — деп, ойымен бөлісті Рауан Кенжеханұлы.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалының алдағы мақсаты облыстағы балабақшаларда қазақ топтарын және мектептерде қазақ сыныптарының санын арттыру.
Алқалы жиын барысында өңірімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, белсенділік танытқан жерлестер, тіл жанашырлары түрлі марапаттарға ие болды.

Тағы оқыңыз: «Таза Қазақстан» telegram-ботына 200 солтүстікқазақстандық өтініш жазған