«VIZaVi Company» қызметкерлеріне Жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
Референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі облыстық штабтың мүшесі Евгений Кинцель «VIZaVi Company» серіктестігінде болып, ұжыммен кездесті. Бұл ұйымда 200-ге жуық адам жұмыс істейді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Заңгер жүздесу барысында қызметкерлерге Ата заңға енгізілетін өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол реформаның негізгі бағыттарына терең тоқталды, ұсынылып отырған түзетулердің елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Конституциялық реформа — ел дамуының жаңа кезеңі. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, Парламенттің рөлін күшейтуге және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Әрбір азамат референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы маңызды», — деді спикер.
Кездесу барысында қызметкерлер тарапынан бірнеше сұрақ қойылды. Көпшілікті білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзгерістер қызықтырды.
«VIZaVi Company» қызметкерлеріне Жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
«Бүгінгі кездесу өте мазмұнды өтті. Бізді толғандырған сұрақтарға нақты жауап алдық. Әсересе, өзіме әлеуметтік салаларға қатысты айтылғандар ұнады. Референдумға міндетті түрде қатысамыз», — деді «VIZaVi Company» ЖШС қызметкері Михаил Скобов.