Елімізде өткен жылдан ветеринария саласы қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Бүгін айтулы датаға орай Петропавлда салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл мамандардың еңбегі адамзат баласы үшін ұшан теңіз. Төрт-түліктің амандығы мал дәрігерлерінің мойнында. Тұрғындардың денсаулығына да жауапты десек артық айтқанымыз емес. Басқосуда сала қызметкерлерін облыс әкімі бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.

«Ветеринария — ауыл шаруашылығының сенімді тірегі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет тарапынан аталған салаға зор қолдау көрсетілуде. Түрлі зертханалар салынып, техникалық базалары жаңартылуда», -деді СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Салтанатты шарада барлығы 70 маман марапатқа ие болды. Олардың ішінде жастар да бар. Құрметке бөленгендердің арасында Ағабек Талғат та бар. Ол қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданындағы Лебяжинский ауылдық округінде мал дәрігері болып еңбек етеді. Бір қызығы, азамат — онтүстіктің тумасы. Солтүстікке «Еңбек» бағдарламасы аясында көшіп келген.

«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді. Бұл саланы таңдағанына еш өкінбеймін. Үш жылдың ішінде талай малды өлімнен аман алып қалдым. Сол кездегі мал иесінің қуанышын көру біз үшін бақыт», -деді Ағабек Талғат.
Қазіргі таңда облыста ветеринария саласында 435 адам еңбек етеді. Кадр тапшылығы бар екені да жасырын емес. Мемлекет тарапынан аталған салаға зор қолдау көрсетілуде. Өткен жылы облыстық бюджеттен мамандарға 39 су жаңа автокөлік сыйға тартылыпты.
Тағы оқыңыз: СҚО су қоймаларында 104 млн теңгеге балық дернәсілдері жіберілді