Петропавлда өткен дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шалғайда орналасқан Уәлиханов ауданының тауар өндірушілері де қатысты. Аудан тұрғындары әкелген өнімдерін аз ғана уақыттың ішінде сатып үлгерді, деп жазады Qazaqstan Мedia тілшісі.
Облыс орталығында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шалғайда орналасқан Уәлиханов ауданының делегациясы 23 қазан күні кешке келген. Жол алыс, сондықтан олар біраз тынығып, таңмен таласа тұрып, тұрғындарға өз өнімдерін ұсынды. Олар Петропавлға ет, көкөніс, қымыз және мал азығын алып келген.
«Біз жәрмеңкеге деп тоғыз сиыр, он қой, төрт жылқыны сойып, етін алып келдік. Бұдан бөлек, екі тонна сәбіз, сегіз тонна картоп, 500 литр қымыз және мал азығы жеткізілді. Тауарларды тоңазытқыштары бар үш машина және үш «ГАЗельмен» әкелдік», — деді Уәлиханов ауданының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Жолдыбай Хасенов.
Өз өнімдерін «Азамат» ФҚ және «Туған жер» ФҚ да сатты. Сиыр етінің бір келісі 2 200, жылқы еті 2 700, қой еті екі мың теңгеге сатылды. Сәбіз бен картоптың бір келісі небәрі 100 теңгеден саудаланды. Ал қымыздың бір бөтелкесін мың теңгеге сатып алуға болады.
«Жәрмеңкеге шамамен он адам келді. Сауда қызу жүрді. Әкелген барлық өнімдер сатылып кетті. Бізде ештеңе қалмады. Петропавлдықтар арасында өнімдеріміз сұранысқа ие. Тіпті тұрақты клиенттер де бар. Бұл әрине, қуантады. Жәрмеңкеге жыл сайын қатысамыз. Енді үйге қайтуға дайындалып жатырмыз. Осы орайда мен облысымыздың барлық тұрғындарын келе жатқан Республика күнімен құттықтағым келеді. Әр отбасыға береке, татулық, бірлік тілеймін. Еліміз дамып, гүлдене берсін», — деп толықтырды Жолдыбай Хасенов.
Тимур Жұманов уәлихановтықтар әкелген қымызды сатып алған. Өнім өте дәмді, ал ең бастысы су қосылмаған дейді қазақтың ұлттық сусынын сүйіп ішетін қала тұрғыны.
«Уәлиханов ауданында дайындалатын қымыздың дәмін алғаш рет былтыр ішіп көрдім.Маған ұнады. Сондықтан бұл жолы бірден үш литрін сатып алдым. Ертең ата-анама қонаққа барамын. Оларға да тәм татырамын. Мұнда тағы сүр ет сатылып жатыр. Қазір оны да барып көремін», — деді қала тұрғыны.
Ал Василий Горбаченко уәлихановтықтардан сиыр етін сатып алған. Біраз сауда жасап, ауыр сөмкелерін әрең көтеріп келе жатқан зейнеткер мұндағы бағалар базардағыдан әлдеқайда төмен дейді.
«Мен жай өнімнің бағасын және сапасын көруге келгенмін. Бірақ тауар құны қолжетімді, әрі сапасы да жақсы болғасын сатып алуды ұйғардым. Қазір тағы жұмыртқа аламын», — дейді зейнеткер.
Айта кетейік, 24 қазан күні өткен дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне барлық аудандар мен облыс орталығындағы 100-ге тарта кәсіпорын қатысты. Олар 1200 тоннадан астам өнім әкелген.
Тағы оқыңыз: Су тасқыны кезінде қажырлы еңбек еткен петропавлдықтар марапатталды