«Заң мен тәртіп» ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында қоғамдық тәртіпті нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған оң үрдіс жалғасып келеді. Ішімдік ішу мен алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан елді мекендер қатарына Қарашілік ауылы қосылды, деп жазады Qazaqstan Media.

Бұл шешім ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында Уәлиханов ауданы прокуратурасының үйлестіруімен қабылданды. Кездесу барысында қадағалау органының өкілдері түсіндіру жұмысын жүргізіп, алкогольді шамадан тыс тұтынудың әлеуметтік, құқықтық және тұрмыстық салдарына ерекше тоқталды. Сонымен бірге мұндай қағидаларды енгізу бастамасы тек тұрғындардың өзінен шыққаны және олардың жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру құқығына негізделетіні атап өтілді.

Талқылау ашық әрі сындарлы түрде өтті. Ауыл адамдары жеке бақылаулары мен өмірлік мысалдарын бөлісіп, ішімдік көбіне отбасылық жанжалдарға, тұрмыстық құқықбұзушылықтарға және қоғамдағы қарым-қатынастың шиеленісуіне себеп болатынын айтты. Сөз алғандар балалар тәрбиесі, көшедегі қауіпсіздік және ауылдағы тыныштықты сақтау мәселелеріне айрықша мән берді.

Жиналыс қорытындысы бойынша тұрғындар спирттік ішімдіктен толық бас тарту бастамасын бірауыздан қолдады. Енді Қарашілікте барлық көпшілік іс-шаралар — мерекелік жиындар, отбасылық той-думандар, ауылдық жиналыстар мен мәдени бағдарламалар — қатаң түрде алкогольсіз өткізіледі.

Бастамаға жергілікті кәсіпкерлер де қолдау білдірді. Сауда нүктелерінің иелері тұрғындардың ұстанымына бірлік танытып, дүкендеріне алкоголь өнімдерін әкелмеу және сатпау туралы шешім қабылдады. Осылайша сергек өмір салтына бетбұрыс тек қоғамдық келісім деңгейінде ғана емес, сауда саласында да нақты бекітілді.

Тұрғындардың айтуынша, алғашқы оң өзгерістер қысқа мерзімнің өзінде байқала бастаған. Ауылда жанжалдар азайып, қоғамдық тәртіп күшейген, жалпы ахуал жақсарған. Отбасылық демалысқа, спорттық және мәдени шараларға көңіл көбірек бөлініп келеді. Жастар қоғамдық өмірге белсендірек араласа бастаса, ата-аналар мұндай шешімдер өсіп келе жатқан ұрпаққа дұрыс өмірлік бағдар қалыптастыратынын айтады.

Уәлиханов ауданында төртінші ауыл ішімдіктен бас тартты: Қарашілік тұрғындарының таңдауы
Уәлиханов ауданында төртінші ауыл ішімдіктен бас тартты: Қарашілік тұрғындарының таңдауы

«Қарашілікте ішімдіктен бас тарту — құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жүйелі әрі саналы жұмыстың жалғасы. Табыстың басты кепілі — тұрғындардың белсенді ұстанымы және өз ауылының болашағына жауапкершілікпен қарауы», — деп атап өтті Уәлиханов ауданының прокуроры Еркеш Оспанов.

Қарашіліктің тәжірибесі бастама халықтан шығып, оны мемлекеттік органдар мен бизнес қолдаса, мұндай шешімдер берік орнығып, нақты нәтиже беретінің дәлелі. Бұл таңдау — уақытша шара емес, қауіпсіздікке, денсаулыққа және ауыл қауымының әл-ауқатына бастар саналы қадам.

Тағы оқыңыз: Айыртау ауданында мешіттен өрт шықты

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *