Уәлиханов ауданында халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ендігі жылға дейін үш бірдей ауылға байланыс тарту жоспарланған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биыл аудан орталығын толықтай сапалы интернетпен қамту жұмыстары басталды. Кішкенекөл ауылына көпшілікке танымал «Транстелеком» компаниясы жылдамдығы 100 Мбит/с болатын байланыс тартуда. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыратыны сөзсіз.
«Жыл соңына дейін Қаратал ауылын сапалы интернетпен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл маңызды жұмысты «Картел» ЖШС-мен бірлесіп атқарудамыз. Айта кетейін, 2026 жылы Береке және Қарашілік ауылдарына сапалы интернетпен қамтуды жоспарлап отырмыз», деді аудан әкімі Мұрат Абдулов.
Аудандағы ауылдардың барлығы таза ауыз сумен қамтылған. 13 елді мекен орталықтандырылған суға қосылған.
«Ауданда барлығы 3707 үйдің 77 пайызы су тарату желісіне қосылған. Қайрат және Қулыкөл ауылдарына су тарату желісін қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба іске қосылғаннан кейін тағы 328 баспана орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтылады», — деді спикер.
Тағы оқыңыз: Ғ. Мүсірепов ауданында білім, денсаулық және әлеуметтік қолдауға қаржы көбейді

