26-30 сәуір аралығында Ханабад қаласында гір спорты бойынша халықаралық жарыстар өтуде. Бұл Әлем кубогы мен 16-18 жастағы жасөспірімдер арасындағы чемпионат. Әлемнің 25 елінен келген 500-ден астам спортшы өнер көрсетті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазақстан құрамасы бұл жарыстан шет қалмады. Уалиханов ауданынан шыққан бапкер Марат Молдыбаевтың тәрбиеленушілері үш бірдей жүлдені қанжығасына байлады.
Әлем кубогында 78 келі салмақ дәрежесінде Мейрам Бекежан алтын медаль жеңіп алды. Ал 73 келі салмақ дәрежесінде Ислам Мұсайбеков екінші орынды иеленсе, күміс медальді 63 келі салмақта Дастан Қойшыбаев місе тұтты.
16-18 жастағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Махаббат пен Шыңғыс Мусайбековтер жоғары нәтиже көрсетті. Махаббат көпсайыста әлем чемпионы атанды. Ол ұзын циклдегі барлық жаттығуды сәтті орындап, серпе және жұлқа көтеру жаттығуларын жасап, 58 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Ал оның ағасы Шыңғыс үшсайыста күміс жүлдеге ие болды. Ол 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұлқа көтеру, серпе көтеру және ұзын цикл жаттығуларын орындады.

Олардың жаттықтырушысы Марат Молдыбаевтың айтуынша, бұл жетістіктер — көп жылғы еңбектің және табандылықтың жемісі:
«Махаббат пен Шыңғыс маған бесінші сыныпта келді. Ал бүгін олар — әлем чемпиондары мен жүлдегерлері! Бекежан мен Ислам да мектеп кезінен менің шәкірттерім, қазір студенттер. Астанада жаттығуларын жалғастырып жатыр. Мен олардың әрқайсысымен мақтанамын. Бұл біз үшін тарихи жеңіс болды. Әлем чемпионатының тұғырына бәріміз бірге алғаш рет көтерілдік. Эмоцияны сөзбен жеткізу қиын!» — деді бапкер.
Жаттықтырушы команда жоспары туралы да айтып өтті. Алда спортшыларды маңызды жарыстар күтіп тұр. Бұл – кәсіби спортшылар арасындағы әлем чемпионаты. Ол күзде Қытайда өтпек.
«Біз бұл жарысқа қатысамыз деп үміттенеміз. Әсіресе Мейрам Бекежанның үлкендер арасында жүлделі орынға ие болуға жақсы мүмкіндігі бар. Біз бәріміз бірге дайындықты жалғастырып, жаңа биіктерге ұмтыламыз», – деді бапкер.

Тағы оқыңыз: Петропавлда австриялық турист стадионда түнемек болған