Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының бірден екі спортшысы гір көтеруден Азия чемпионатында өнер көрсетіп, жақсы нәтиже көрсетті. Жарыс мамырдың 14-і мен 18-і аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында өтті, деп жазады Qazaqstan Media.
Бағдарламада 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әуесқойлар арасында Дастан Қойшыбаев бақ сынады. Ол 24 келілік гірді итеру және жұлқа көтеру жаттығуларын орындады. Уәлиханов ауданының спортшысы өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз орындап шықты. Нормативті де орындап, Азия чемпионы атанды.
U-23 санатында 32 келі салмақтағы гірді көтерген Мейрам Бекежан болса кәсіпқойлар арасында ерекше көзге түсті. Ол жақсы нәтиже көрсетіп, тек Ресейден келген спортшыға есе жіберіп алды. Осылайша, күміс медальді еншіледі. Жас спортшы үшін бұл — халықаралық аренадағы маңызды жетістік және әрі қарай биік белестерді бағындыруға үлкен мотивация.
Олардың жаттықтырушысы Марат Молдыбаевтың айтуынша, мұндай нәтижелер — көп жылғы еңбектің және өз күшіне деген сенімнің жемісі.

«Біз осындай шеберлікті көрсете алғанымызға, үлкен нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Менің тәрбиеленушілерім тапсырманы өте жақсы орындап, лайықты өнер көрсетті деп санаймын. Осымен тоқтап қалмаймыз. Әрі қарай да дайындықты жалғастырамыз», — деп атап өтті жаттықтырушы.
Ол екі спортшының да жарысқа жауапкершілікпен қарағанын және додаға жақсы дайындықпен барғандарын атап өтті.

«Бұл жарыстарда балалар өздерін тек жақсы жағынан көрсетті. Барлығын 100% орындап шықты. Олар лайықты нәтиже көрсетті. Өздері өте риза. Біз оларды мақтан тұтамыз», — деді Марат Молдыбаев.
Жаттықтырушы команданың жақын арадағы жоспарлары туралы да айтты. Маусым айында спортшыларды кәсіпқойлар арасындағы Қазақстан чемпионаты күтіп тұр. Бұл спортшылар үшін маңызды кезең. Өйткені, бұл жарыстарда жеңіске жеткендер Қытайда өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады
«Жолдама ұтып алып, Қытайдағы додада бақ сынағымыз келеді. Лицензия алуға әсіресе Мейрам Бекежанның мүмкіндігі жақсы. Ол ересектер арасында алтын медальға таласуы мүмкін. Біз дайындықты жалғастырып, жаңа жеңіске ұмтыламыз», — деп бөлісті жаттықтырушы.
Естеріңізге сала кетейік, 26-30 сәуір аралығында Өзбекстанның Ханабад қаласында гір спорты бойынша халықаралық жарыс өтті. Онда да Марат Молдыбаевтың тәрбиеленушілері жетістікке жетіп, бірден үш медаль жеңіп алды.
Бұл Уәлиханов ауданында спорт саласының дамығанын және жарыстарға жауапкершілікпен қарайтындығын көрсетеді.
Спортшылар Уәлиханов ауданының басшылығына, сондай-ақ бас демеуші — Қазақстанның Даму Банкіне алғыс білдірді. Осындай қолдаудың арқасында олар Бішкек пен Өзбекстанда өткен жарыстарға барып келген.
Тағы оқыңыз: Ұстаз рухына тағзым: Петропавлда Гүлмира Кәрімованы еске алуға арналған байқау өтті