Қала күнін мерекелеу аясында Петропавлда гала-концерт өтті. Шарада облыстың үздік ауылдық мәдениет мекемелері анықталды. Байқауда Уәлиханов ауданының  өнерпаздары жүлделі екінші орынға ие болды. Qazaqstan Media редакциясының тілшісі облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аймақтың әртістерінен жылдың ең маңызды сайысына қалай дайындалғандарын сұрап, білді.

Уәлихановтық әртістерге облыс әкімінің атынан 1,5 млн теңге табысталды. «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі» байқауына өңірдің әр ауданының мекемелері қатысты. Облыстық кезеңге қатысу үшін ауданаралық сайыстар өтті. Кіл мықтылар ғана шешуші сынға жолдама алды.

Уәлиханов ауданының атынан Шолпан Рахмет бастаған «Аманат» және «Тұмар» би топтары өнер көрсетті. Көпшілікке танымал «Қазына» ансамблі де аудан намысын қорғады.

«Гала-концертте өнер көрсеткен ұжымдардың барлығы аудандық мәдениет үйінде жұмыс істейді. Біздің қарашаңырағымызда олардың өсіп-өнулері мен дамулары үшін бар жағдай жасалған. Олар үшін шығармашылық, би мен ән — өмірлерінің мәні», — деді Уәлиханов аудандық мәдениет үйінің басшысы Әлия Мүсәпірова.

Кішкенекөл ауылында орналасқан мәдениет үйі — екі қабатты. Концерт залы 450 орынға шақталған. Үйірмелерге арналған 10 бөлме бар.

«Мәдениет үйінде хореография, вокал, фортепиано мен домбыра және баян үйірмелері бар. Өнерлі жастар үшін бар жағдай жасалған. Біз қарашаңырағымызға балалардың көптеп келгенін қалаймыз. Талантты жастарды өнерге баулу — біздің міндетіміз»,- деді Әлия Мүсәпірова.

Уәлихановтық әртістер байқауға жыл басынан дайындалған. Тыңғылықты дайындалып, жаңа нөмірлер ойлап тапқан. Енді соның жемісін көріп отыр деп айта аламыз.

Уәлиханов ауданының өнерпаздары облыстық байқаудан 1,5 млн теңге жеңіп алды
Уәлиханов ауданының өнерпаздары облыстық байқаудан 1,5 млн теңге жеңіп алды

«Іріктеуден кейін бірден гала-концертке дайындалдық. Дайындық жоғары деңгейде өтті. Бәрі аудан намысы үшін барын салды», -деді Әлия Мүсәпірова.

Осы ретте Әлия Мүсәпіроваға, «жеңіп алған 1,5 млн теңгені қайда жұмсалады?»- деген сұрақ қойдық. Ол, аталған қаражат мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталады, деп жауап берді.

Әлияның сөзінше, мұндай шаралар жаңа таланттарға жол ашады. Айта кету керек, уәлихановтық өнерпаздар өте белсенді. Бірде-бір облыстық байқаудан қалмайды. Тіпті, республикалық және халықаралық сахнада өнер көрсеткен екен.  Мәселен, жақында «Тұмар» би ұжымы Түркияда өткен халықаралық байқауға қатысқан. Қатысып қана қоймай, бас жүлдені жеңіп алған. Осыған қарап, аталған ауданда мәдениет саласы қарыштап дамып келе жатқанын көре аламыз.

Уәлиханов ауданының өнерпаздары облыстық байқаудан 1,5 млн теңге жеңіп алды
Уәлиханов ауданының өнерпаздары облыстық байқаудан 1,5 млн теңге жеңіп алды

«Өнер ұжымдарымыз бірде-бір байқаудан қалыс қалмайды. Әрине, шаралардан дымсыз қайтқан кездеріміз де болды. Бірақ, мұндай байқауларда өнер көрсету әртістердің дамуына зор септігін тигізеді»,- деді ол.

Аудандық мәдениет үйінде концерттік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл шаралар арқылы тұрғындардың көңілі біршама көтерілетіні сөзсіз. Әлия Мүсәпірова бізбен тілдесу барысында өз ұжымына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.  Уәлихановтық өнерпаздардың алға қойған жоспардары көп. Оларды алда бірнеше маңызды шаралар күтіп тұр.

Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданының құрылысшылары Ойқаладағы қирандыны демалыс орнына айналдырды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *