Бүгін — Мемлекеттік рәміздер күніне орай Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында салтанатты шара өтті. Жиын барысында екі тұрғын ауданның құрметті азаматы атағына ие болды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ең алдымен салтанатты шараға жиналғандар бірлесіп әнұранымызды шырқады. Кейін оларды Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдуловтың атынан орынбасары Талғат Сағитов мерекемен құттықтады. Ол бұл күннің еліміз үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Бұдан соң Талғат Сағитов ауданның қос тұрғынына «Құрметті азамат» атағын табыстады.

Солардың бірі — Малғаждар Омаров. Ол ауданның спорт саласын дамытуға зор үлес қосқан. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтын бітіргеннен кейін өзі білім алған «Ұялы» орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып орналасады. 76 жастағы Малғаждар Омаров «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері»атағына ие. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасы дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Қазақ күресіне қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапатталған. «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» омырау белгісі де бар.
Дәл осындай атаққа Күләш Егімбаева да ие болды.
Ол 1960 жылы 25 қазанда Көкшетау облысы Қызылту ауданы Қызылту кентінде дүниеге келген. 1994 жылы Алтай мемлекеттік мәдениет институтын «Кітапханашы-библиограф» мамандығы бойынша тәмамдаған.

«Еңбек жолымды 1978 жылы Көкшетау қалалық кітапханасында бастап, 1979 жылы елге оралдым. Сөйтіп, аудандық балалар кітапханасында оқу залының меңгерушісі, аудандық кітапхананың қорды толықтыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еттім. Әлі күнге дейін осы салада еңбек етіп жүрмін», — дейді Күләш Егімбаева.
Ол мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін «Мәдениет саласының үздігі», «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгілерімен және де көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған. «Ауыл әйелдерінің 100 табыс тарихы» кітабына, Ресейдің, Қазақстанның, Украинаның және Беларусьтің ең жақсы адамдарының Ұлы халықаралық энциклопедиясына енген.
Бұдан соң, аудандық кросс жарысының жеңімпаздары марапатталды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да мүмкіндігі шектеулі азаматтар қызмет көрсету мамандықтарын игеруде