Уәлиханов ауданында өткен жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға өтініш берген 14 азаматқа 18 млн. теңге грант бөлінді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Кішкенекөл ауылының тұрғыны Әсемгүл Сағитова былтыр қыркүйек айында жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Соның нәтижесінде «Еңбек» порталы арқылы 1 млн 380 мың теңге грант алған. Бұл қаражатқа Кішкенекөл ауылының тұрғыны жиһаз бен кілем тазалайтын құрылғыларды сатып алыпты. Қазіргі таңда, ол өзінің кәсібін дөңгелетіп отыр. Айтуынша, Кішкенекөлде клининг қызметін көрсететін жалғыз кәсіпкер.
«Мен күніне 3-4 тапсырыс қабылдаймын. Біз кілемдер, матрастар мен жиһаздарды тазалаймыз. Бір шаршы метрі 700 теңге. Грант арқылы жақсы құрылғылар сатып алдық, олардың орташа құны 500 мың. Бұрын бізге клининг қызметін қалалардан келетін компаниялар көрсететін. Қазір олардың орнын біз бастық. Жолдасым екеуіміз тіпті шалғай ауыл-аймақтарға шығып тұрамыз. Алдағы уақытта мен өз кәсібімді дамытқым келеді. Автокөлік тазалайтын орталық ашу жоспарда бар»,-деп өз ойымен бөлісті Әсемгүл Сағитова.
Былтыр аталмыш ауданда 28 млн. теңгеге 5 шағын кәсіпкерлік нысаны ашылыпты. 1200-ге жуық адам жұмысқа орналастырылған.
Тағы оқыңыз:Петропавл жастары көше тазалаушыларға ыстық шай берді